11:18, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Тәжікстанға арналған гуманитарлық көмектің алғашқы легі жеткізілді - Қазақстан елшісі Ә. Ахметов
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат - Өткен аптада Душанбеде Қазақстан елшісі Әбутәліп Ахметов Тәжікстан Республикасы Парламенті Милли Мәжлисінің төрағасы Махмадсаид Убайдуллоевпен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Палата төрағасы әңгіменің басында тұрақты гуманитарлық көмегі үшін Қазақстан басшылығына алғыс білдіре келе, әлемдік қоғамдастық таныған Қазақстанның жетістіктерін атап көрсетті. Қазақстан Елшісі өз кезегінде, Қазақстанның 2009 жылға жоспарланған Тәжікстанға гуманитарлық көмегінің алғашқы легі 80 тонна мазут түрінде жөнелтілгенін атап көрсетті. Әңгімелесуші тарап өз сөздерінде парламентаралық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы пен кемел келешегіне де тоқталып өтті және 2009 жылы достық тобының тәжік депутаттарының Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға келісті. Сөз барысында Қазақстан елшісі Астана мен Душанбе қалаларының арасында бауырластық байланыс орнатуды ұсынды. Сондай-ақ қазақстандық дипломат әлемдік дағдарысты еңсеру бағытында Қазақстан Үкіметі қабылдап жатқан шаралар туралы әңгімелеп берді.