Тәжікстан 2030 жылға қарай кәсіпкерлер санын 500 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM- Тәжікстанда 2030 жылға қарай кәсіпкерлік субъектілерінің санын 500 мыңға жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.
Тиісті тапсырманы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Кәсіпкерлер күніне орай елдің бизнес өкілдерімен және инвесторларымен кездесуде берді.
— Қазір елімізде 395 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 мыңға көп. Біз алдымызға 2030 жылға қарай олардың санын кемінде 500 мыңға жеткізу мақсатын қойдық, — деді Эмомали Рахмон.
Ол кәсіпкерлер санын арттырумен қатар, олардың қызметінің тұрақты болуына, өндіріс пен инновацияға бағдарлануына және жаңа жұмыс орындарын көбірек ашуына мән беру қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты өңделген өнім экспортын екі есе арттыру және банктердің несие портфеліндегі өндірістік мақсатқа берілетін кредиттердің үлесін 40 пайыздан асыру жоспарланып отыр.
Тәжікстан президенті шағын және орта бизнеске жүргізілетін тексерулерге салынған мораторийді салықтық тексерулерді қоспағанда, 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жеке сектор елдің жалпы ішкі өнімінің және жұмыспен қамтылуының 70 пайызын, сондай-ақ салық түсімдерінің 80 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлерге 240-тан астам түрлі кепілдік пен жеңілдік берілген.
Президент тапсырмаларының қатарында 2027 жылдың соңына дейін тіркеу, рұқсат беру және лицензиялау бойынша негізгі қызметтерді толық электрондық форматқа көшіру бар.
Сонымен қатар үкіметке 20 мыңнан астам жеке кәсіпкердің жалпы сомасы 120 миллион сомониден асатын салық берешегін есептен шығару жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Осыған дейін Тәжікстанда жалақы, зейнетақы және шәкіртақы өскені туралы жаздық.