Тәжікстанда азық-түлік қауіпсіздігі 85%-ға жуықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстанда азық-түлік қауіпсіздігі 85%-ға жетті. Бұл туралы бүгін ел парламентіне жолдаған жыл сайынғы Жолдауында Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне жанқиярлық еңбегі мен саланы дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді.
Оның айтуынша, жаһандық климаттық өзгерістерге қарамастан, 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі 8,5%-ға артқан.
— 2025 жыл соңғы онжылдықтардағы ең ыстық жыл болды, алайда ауыл шаруашылығы өндірушілері барлық қиындықтарды еңсеріп, оң нәтижелерге қол жеткізді, — деді Эмомали Рахмон.
Ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық қорлар қалыптастырудың маңызын атап өтті, оның ішінде екі жылға жететін азық-түлік резервін құру қажеттігін айтты.
Бұған дейін Тәжікстан 2037 жылға қарай толығымен «жасыл» елге айналуды жоспарлап отырғаны хабарланды.