Тәжікстанда ежелгі қала табылды

ДУШАНБЕ. KAZINFORM – Тәжікстанның Хатлон облысында археологтар ежелгі қала орнын анықтады. Қазба барысында құнды тарихи жәдігерлер табылған, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

Тәжікстан Республикасының тарихи-мәдени мұраларды қорғау агенттігі
Фото: Тәжікстан Республикасының тарихи-мәдени мұраларды қорғау агенттігі

Тәжікстан Республикасының тарихи-мәдени мұраларды қорғау агенттігінің мәліметінше, табылған Андичароғ елді мекені көне Хуттал аймағының бір бөлігі болып саналады. Бұл ортағасырлық княздік біздің заманымыздың VII-XVI ғасырларында қазіргі Тәжікстан аумағында гүлденген.

– Елді мекеннің орталық алаңы шамамен 14 гектарды қамтиды. Қазба жұмыстары кезінде 100-ден астам археологиялық артефакт табылды. Олардың қатарында көне тиындар, керамика, ағаш ою және ұсталық бұйымдар бар. Сондай-ақ бұл аумақта егіншілік іздері — қол және су диірмендері анықталды, – деді агенттік директоры Шерали Ходжазода.

Тәжікстан Республикасының тарихи-мәдени мұраларды қорғау агенттігі
Фото: Тәжікстан Республикасының тарихи-мәдени мұраларды қорғау агенттігі

Бұған дейін ресейлік палеонтологтар Тәжікстан аумағынан үйрек тұмсықты динозаврдың бас сүйегінің сынығын тапқаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар