Тәжікстанда Ұлттық су кеңесі өз жұмысын бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Душанбеде елдің су ресурстарын пайдалану, қорғау және тұрақты басқару бойынша негізгі шешімдерді үйлестіретін Ұлттық су кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
ТР Энергетика және су ресурстары министрлігінің мәліметінше, бұл іс-шара су ресурстары саласындағы ұзақ мерзімді стратегияларды әзірлеу және ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды. Жаңа орган мемлекеттік су саясаты саласындағы бірізділік, ашықтық және тиімділікті қамтамасыз етеді.
- Бүгінде су ресурстары көптеген сыртқы факторлардың әсерінен айтарлықтай қысымға ұшырап отыр: климаттың өзгеруі, мұздықтардың азаюы, халық санының өсуі, өнеркәсіп пен энергетиканың дамуы және ауыл шаруашылығы қажеттіліктерінің артуы. Мұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігі, «жасыл» энергия, жерді суару және экожүйені қорғау салаларында жаңа дағдарыстарға әкеліп соғып, су ресурстарын кешенді және тұрақты басқару қажеттілігін арттырып отыр, - деді вице-премьер-министр Сулаймон Зиёзода.
Отырыста Тәжікстан Республикасының 2016-2025 жылдарға арналған су секторын реформалау бағдарламасын іске асыру нәтижелері және Зарафшан бассейні ауданының су ресурстарын басқарудың 2026–2030 жылдарға арналған Бассейндік жоспарының жобасы қаралды.
Суды тиімді және ұқыпты пайдалану, бассейндік мекемелер жұмысын жақсарту, суды үлестіру пункттеріне су есептегіштерін орнату және суды пайдалануды дәл талдау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Ұлттық су кеңесі Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңестік орган ретінде 2025 жылдың 29 мамырында құрылды.