Тәжікстандағы қазақстандықтар референдумда белсенділік танытып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Тәжікстандағы елшілігінің № 436 сайлау учаскесінде жаңа Конституция жобасы бойынша референдумда дауыс беру жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.
- Комиссия дауыс берудің ашық және Қазақстан Республикасының заңнамасына толық сәйкес өтуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Сайлау учаскесінің тізіміне Тәжікстан аумағында тұрақты және уақытша тұратын 113-тен астам қазақстандық енгізілген. Комиссия мүшелері дауыс беру процесін бақылап, сайлаушыларға күні бойы қажетті консультациялық көмек көрсетеді, - деп хабарлады учаскелік комиссияның төрағасы Айдар Шалбаев.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де басталып, кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Сайлауға кәмелет жасқа толған қазақстандықтар қатыса алады, ол үшін өздерімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс.
«Фридом Банк Тәжікстан» атқарушы директоры Қанат Джулумов шетелдегі қазақстандық азаматтардың осындай маңызды саяси процеске қатысу мүмкіндігін жоғары бағалады.
- Отбасымның болашағы, елім Қазақстан Республикасының болашағы үшін дауыс беру мен үшін маңызды. Референдумға қатысу – әрбір азамат үшін азаматтық жауапкершіліктің көрінісі, - деп атап өтті ол.
Тәжікстанда білім алып жүрген қазақстандық студенттер сайлау учаскесіне ұйымдасқан түрде келіп, ерекше белсенділік танытты.
- Біз, жастар, шетте қалып қоя алмаймыз, себебі Конституция – Қазақстанымыздың болашағын анықтайтын негізгі заң. Мен әрбір дауыс күшті және гүлденген Қазақстанның дамуына үлес қосады деп сенемін, - деді Душанбе медициналық университетінің студенті Акбар Абдужаллилов.
Айта кетелік, әлемнің 40-тан астам елінде референдум учаскелері жұмыс істеп жатыр.
Осыған дейін Түркияда қазақстандықтар референдумға қатысып жатқанын жаздық.
Мемлекет басшысы референдумда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингіде Жаңа Конституция жастарға арналатынын мәлімдеді.