Тазының тағдыры шешілетін күн: Астанада халықаралық иттер көрмесі өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент іс басқармасына тазы мен төбетті қорғау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын. Бүгінде бұл жұмыстардың қалай орындалып жатқаны, сондай-ақ 25 мамыр күні Астанада өтетін халықаралық иттер көрмесі туралы «Қазақстан кинологтар одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бауыржан Серікқали агенттік тілшісіне айтып берді.

– Бауыржан Серікқалиұлы, халықаралық көрме қандай мақсатта ұйымдастырылады? Оған кім бастамашы болды?
– Өзіңізге белгілі, қазақы тазы халықаралық кинология федерациясының номиналды тізіміне енді. Соған сәйкес тазы туралы мәліметтер аталған ұйымның сайтына жарияланды. Кейін, біз оған гендік талдау жасап, арнайы комиссияның қабылдауына тапсырдық. Бұл іс елдегі тазы жанашырлары үшін 20 жылға жуық арман болып келген еді.
Тазының қазақ даласында пайда болғаны туралы түрлі факторды сүзгіден өткізген соң, халықаралық кинология федерациясы бізге хат жолдады. Онда «біз қазақы итті өз көзімізбен көреміз, федерация мамандары тексереді», - делінген. Сол хабарламаны алғаннан кейін осы көрмені ұйымдастырамыз деп шештік. Бірақ, шараға 400-ден аса өзге тұқымдағы иттер де келеді. Сондай-ақ аталмыш іс-шараға Халықаралық кинология федерациясының (FCI) басшылығы келеді деп жоспарланып отыр.
Жалпы, көрме иттердің әдемілігін көрсету үшін ғана ұйымдастырылған жоқ. Басты мақсат – селекция. Яғни, комиссияның көзіне түскендерге деңгейі жоғары тұқым алуға рұқсат беріледі. Ал, сыннан өтпей қалған иттерден федерация күшік алмайды.
Осы іс-шараға қатысудың тағы бір артықшылығы бар. Халықаралық ұйымнан жоғары баға алған иттердің күшіктері қымбат бағаланады.

– Бағалау қалай жүргізіледі?
– Жалпы, әрбір иттің өз стандарты болады, яғни биіктігі, құлағының ұзындығы, салмағы дегендей. Егер талапқа толық сай келсе, төреші жақсы баға береді.
– Бұған дейін де тазы қазақи бренд болып қалыптасқан. Бірақ ресми емес. Неге оның халықаралық федерацияға тіркелуі ұзақ уақыт алды?
– Дұрыс айтасыз. Президентіміздің өзге ел басшыларына тазы күшіктерін сыйлауының өзі-ақ оның бізге тиесілі екенін айқындап берді. Жалпы, қазақы иттердің мәртебесін көтеру ісі Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталды. Ал, тазының халықаралық федерацияға бұған дейін кіре алмауына себеп көп. Мысалы, елімізде бізден бөлек осы қазақы иттерді көбейтумен айналысатын бірнеше ұйым бар. Солардың осы күнге дейін ауызбіршілік танытпауынан оның әлемдік стандартқа сай келуі мүмкін болмады.

– Қазір елімізде қанша тазы бар?
– «Қазақстан кинологтар одағы» есебі бойынша, Қазақстандағы тазы саны 3 000-нан асады. Жыл басынан бері 500 күшікке туу туралы куәлік бердік. Бірақ, құжатсыз жүрген иттер де көп. Біз қазір сондай тазылардың бәрін есепке алып жатырмыз. Қаны бұзылмай, таза сақталғандарды ресми тіркейміз. Жалпы, тазылардың ең көп бөлігі – Қазақстанда.
– «Тазының тағдыры осы көрмеде шешіледі» деген әңгіме айтылып жатыр. Мұны қалай түсінеміз?
– Халықаралық ұйым талабы бойынша тазы мен төбетті мойындатуда қан тазалығы, үш рет күшіктегенге дейін тұқымның сақталуы және жүйелі қалыптасқан стандарты ескеріледі. Біз бұл факторларды толық тапсырдық. Енді, өзге тұқымдар секілді, тазы туралы мәліметтің шынайылығы тексеріледі. Біз ұсынған ақпараттарда қазақы иттің стандарты бар. Егер, сол комиссияның қорытындысымен сай келсе, ресми түрде тазының қазақы ит екені мойындалады.
Сұхбаттасқан Алтынбек ӘМИТ