Тбилисиде наразылық акциясын ұйымдастыру комитетінің бес мүшесі ұсталды
ТБИЛИСИ. ҚазАқпарат – Грузияның Ішкі істер министрлігі 4 қазанда өткен жергілікті сайлаумен қатар ұйымдастырылған наразылық акциясының бес мүшесі ұсталғанын хабарлады, деп жазады Грузия жаңалықтары.

Министрліктің мәліметінше, ұсталғандарға билікті құлатуға шақыру және топтық зорлық-зомбылықты ұйымдастыру баптары бойынша айып тағылған. Бұл қылмыс үшін 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ұсталғандардың арасында:
Ираклий Надирадзе — «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының мүшесі, Тбилиси сакребуло депутаты (үш шақырылым);
Муртаз Зоделава — партияның саяси кеңесінің мүшесі, Грузияның бұрынғы бас прокуроры;
Лаша Беридзе — Грузия Қарулы күштері Бас штабы бастығының бұрынғы орынбасары;
Паата Манджгаладзе — «Стратегия Агмашенебели» партиясының бас хатшысы;
Паата Бурчуладзе — «Руставели даңғылы» қоғамдық платформасының негізін қалаушы, танымал опера әншісі.
Грузия ІІМ-нің хабарлауынша, Еркіндік алаңындағы митинг кезінде ұйымдастырушылар күш қолдануға шақырған үндеу жасаған.
— Полиция бірнеше рет қатысушыларды сабыр сақтауға және акцияны заң шеңберінде өткізуге шақырды. Алайда кейін ұйымдастырушылар мен кейбір қатысушылар президент сарайының қоршауын бұзып, оны басып алуға әрекет жасады, — деді ІІМ басшысының орынбасары Александр Дарахвелидзе.
«Бейбіт революция» ұранымен өткен акция барысында наразылық білдірушілер қазіргі үкіметті «заңсыз» деп жариялап, билікті «бейбіт жолмен тапсыруды» талап етті. Кейін шерушілердің бір бөлігі президент резиденциясына басып кіруге тырысқан.
Арнайы жасақ қызметкерлері көз жасаурататын газ бен су атқыштар қолдана отырып, наразылық білдірушілерді кері шегіндірді. Кейін шерушілер жақын маңдағы көшелерде бар мен мейрамханалардан алынған заттардан баррикадалар тұрғызып, полицияға фейерверк пен тас лақтырған.
Кейінірек демонстранттар президент сарайының маңындағы аумақтан тараған.
Грузия Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 21 полиция қызметкері мен 6 наразылық қатысушысы ауруханаға жеткізілді.
Айта кетелік Грузиядағы тәртіпсіздіктер кезінде 14 полицей жарақат алды.