Тбилисиде наразылық білдірушілер мен оппозициялық блогер ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 24 сағат ішінде Грузияда бірнеше оппозициялық саясаткер мен белсендіге шабуыл жасалды.

Тбилисиде әскери блогер және оппозиция белсендісі Учи Абашидзенің тұтқындалуына қарсы наразылық акциясы кезінде бірнеше адам ұсталды. Митингке қатысушылар жолды жабуға әрекеттеніп, полициямен қақтығысып қалды.
Абашидзеге атыс қаруын заңсыз сақтады деген айып тағылып отыр. Грузияның Ішкі істер министрлігі де үкіметтік сайттарға кибершабуыл жасау ісіне байланысты белгілі блогердің үйінде тінту жүргізілгенін хабарлады.
Тбилисидегі наразылық шарасына байланысты Еуропа күніне арналған концерт тоқтатылды.
Парламенттің «Сыртқы ықпалдың ашықтығы туралы» заңды қарауына байланысты елдегі жағдай ушыға түсті. Сыншылар Ресейдің шетелдік агенттер туралы заңының аналогы деп атайтын заң жобасына қарсы наразылық Грузияда бірнеше аптадан бері толастамай келеді.
Соңғы 24 сағат ішінде бірқатар үкіметті сынаушыларға шабуыл жасалды. Зардап шеккендердің бірі, Михаил Саакашвилидің оппозициялық «Біріккен ұлттық қозғалыс» партиясының баспасөзбен байланыс жөніндегі хатшысы Дмитрий Чиковани ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.
Грузин оппозициясы бұл заң қарсы пікірді басу үшін қолданылады деп қауіптенеді, ал Грузияның қауіпсіздік қызметі шерушілерді үкіметті құлатуды көздеп отыр деп айыптайды.
Жұма күні Еуропаның сегіз елі — Дания, Исландия, Латвия, Литва, Норвегия, Эстония, Финляндия және Швеция — бірлескен мәлімдемеде Грузия Парламентінде қаралып жатқан заң жобасы еуропалық нормалар мен құндылықтарға сәйкес келмейтінін көрсетіп, Грузияның саяси көшбасшыларын оны қайта қарауға шақырды.
Грузия Парламенті заң жобасын 13 мамыр күні қайта қарайды, соңғы дауыс беру 17 мамырға жоспарланған.