Театрға млн астам көрермен, халықаралық жүлделер: Мәдениеттегі ТОП-10 жетістік

мәдениет
Коллаж: Kazinform/kazakhcinema.kz/pexels.com

Халық арасында театрға халық аз барады деген стереотип қалыптасқан. Алайда соңғы жылдары мәдени мекемеде үнемі аншлаг болатынын көріп жүрміз. Мемлекет бұрынғыдай театрларды толық қаржыландырмайды, себебі олар шығынының жартысын өзі өтейтін дәрежеге жетті. Театрдан бөлек, биыл қазақ киносы да жаңа серпін алды. Рекордтар жаңарып, халықаралық жүлделер көбейді. Мәдениет саласындағы биылғы 10 жетістік туралы МАМ Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова Kazinform сарапшысына берген сұхбатында айтып берді.

35 мәдениет нысаны салынды

Елімізде алдағы төрт жылда 1025 мәдениет мекемесі жөнделіп, 220 нысан салынады. Ал, биылғы салынған нысандар мәдениет саласындағы жетістіктердің көшін бастап тұр.

Осы жылы Қазақстанда 35 мәдениет нысаны салынды. Жаңа ғимараттар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Абай, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарында ашылды. 238 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Күміс Сейітова.

2,5 млн көрермен

Комитет төрағасының айтуынша, осы жылы республикалық мекемелер ұйымдастырған мәдени іс-шараларға 2,5 млн адам келген. Атап айтқанда, 2167 спектакльді 1 млн астам көрермен тамашаласа, музейде өткізілген 698 мәдени іс-шараларға 515 мыңнан астам көрермен келді. Ең көп көрермен тартқандардың қатарында «Астана Опера» театры бар. Оның қойылымдарына 134 мыңға жуық өнер сүйер қауым келген, оның төрттен бірі гастрольдік іс-сапарлар екен. Бұл – екінші жетістік.

Театрлар өзін-өзі қаржыландырып келеді

Қазақстанның театр өнері тарихында тұңғыш рет қойылымдардың жартысынан көбі театрлардың өз қаражаты есебінен құрылды.

Жалпы алғанда, 11 республикалық театр 66 жаңа қойылым жасады. Оның 32-сі бюджет есебінен, 34-і өз қаражаты есебінен сахналанды. Жаңа қойылымдардың ең көбін «Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры» қойған. Шығармашылық ұжымның репертуары бірден 11 жаңа қойылыммен толықтырылды. Спектакльдердің 8-і меншікті және демеушілік қаражат есебінен сахналанып, бұл бағыт театр қызметінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып саналады, – деді Күміс Сейітова.

Күміс Сейітова
Фото: Мәдениет комитеті

Үздік әйел рөлі

Биыл қазақстандық әртістер көптеген халықаралық жүлделер алды. Жалпы, «Қазақконцерт» әртістері 2023 жылы 23 халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдарда арнайы сыйлықтар мен номинациялардың лауреаттары мен жеңімпаздары атанды.

Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен Daegu International Musical Festival (DIMF) халықаралық фестивалінде қазақстандық «Роза Бағланова» мюзиклі үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды. Ал басты рөлді сомдаушы Зарина Макина «Үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Аталмыш қойылым КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған. Халықаралық фестивальге Франция, Германия, Ұлыбритания және Корея театр ұжымдары да қатысты, барлығы 16 мюзикл ұсынылды, – деп атап өтті Комитет төрағасы.

Домбырашылар дуэті гран-при алды

Жас домбырашы таланттарымыз «Open Italy» конкурсында 24 елдің ішінде үздік деп танылды.

«T&Y» домбырашылар дуэтінің әртістері Темірлан Олжабай мен Ернат Нұрбергенұлы «Оpen Іtaly 2023» аспаптық орындаушылардың халықаралық музыкалық байқауында өнер көрсетіп, гран-при жеңіп алды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары «Адай», «Көроғлы», «Әлкисса» күйлерін және Олжас Сүлейменовтің «West» композициялық шығармаларын орындады. «Open Italy» аспапты орындаушылардың халықаралық музыкалық байқауы жыл сайын Италияның Пезаро қаласында өтеді. Байқауға 24 елден келген үміткерлер қатысты, – деді мақтанышпен Күміс Сейітова.

Жалпы алғанда, өткен жылы 65 жас талант халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары мен дипломанттары атанды. Музыка саласындағы өнер жұлдыздарын анықтау, дарынды және талантты музыканттарға қолдау көрсету жұмыстары жалғасады, деп қосты төраға.

Музыкалық аспаптар жаңартылды

Спикердің айтуынша, биыл бірден 5 ұйым музыкалық аспаптарын жаңартқан. 30 жыл ішінде алғаш рет бұл бағытта мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінген.

Осылайша, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы, «Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының шығармашылық ұжымдары үшін, сондай-ақ, Күләш Байсейітова атындағы және Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернаттарының, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқушылары үшін шығармашылық жұмыстардың кәсіби өсуі мен іске асырылуы үшін қажетті жағдайлар жасалды. Қазақстанның музыкалық өнерін дамыту - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі. Қазақстанда 32 концерттік ұйым, оның ішінде 18 мемлекеттік филармония жұмыс істейді, – деді Күміс Сейітова.

«Ұлттық» мәртебе алған нысандар

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына және Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрына «Ұлттық» мәртебе берілді.

Балалар мен жасөспірімдер театрының жұмысы жанданды

Комитет төрағасының айтуынша, осы жылы 27 халықаралық және 11 республикалық фестивальге республикалық театрлар белсенді түрде қатысты. Ең көп фестивальдерге қатысқандардың қатарында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық қазақ театры бар. Өнер ұжымы 7 халықаралық және 6 республикалық фестивальде өнер көрсетті.

Республикада ең көп жетістікке жеткен театр

Күміс Сейітова, республикалық театрлар арасында ең көп жетістікке жеткен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық қазақ театрын ерекше атап өтті.

Театр 2023 жылы 366 спектакль, республика және шетелде 23 гастрольдік тур өткізді, бұл ретте 22-сі меншікті және демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылды, 8 жаңа қойылым сахналанып, оның 4-і өз қаражаты есебінен ұйымдастырылды. Сонымен қатар, театр 13 фестивальге қатысып (6 республикалық және 7 халықаралық деңгейде), 4 Гран-при жеңіп алды, – деп бөлісті төраға тоғызыншы жетістікке тоқталып.

Мемлекет қолдаған 8 қазақстандық фильм

Спикер оныншы жетістік ретінде 2023 жылы отандық фильмдер мемлекет қолдауымен халықаралық кинофестивальдерде үздік марапаттарға ие болғанын келтірді. Ол «Паралимпиадашы» фильміне Үндістанның Мумбай қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» сыйлығы берілгенін атап өтті.

Бұдан бөлек «Арқау өзек» – Бакуде өткен Қорқыт ата фестиваліндегі «Үздік деректі фильм» атанса, «Жамбыл. Жаңа дәуір тарихи-көркем фильмі қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды. «Бауырына салу» фильмінің әлемдік премьерасы Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен 71-ші Халықаралық кинофестивальдің «Жаңа режиссерлер» конкурстық бағдарламасына өтті.

Сондай-ақ, бұл фильм Австралиядағы Asia Pacific Screen Awards Азия киносының жүлдегері болды. «Ағайындылар» фильмі Австралияда Asia Pacific Screen Awards Азия киносыйлығының жүлдесіне ие болып, XV Ташкент халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер» номинациясын иеленді. «Обучение Адемоки» кинокартинасы XV Ташкент халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығын алды. Сонымен қатар бұл фильм Ярославль қаласында өткен «Отбасымен бірге» кинофестиваліне ұсынылды. «Қазақ хандығы. Алтын тақ» атты көркем фильмі Болгариядағы Қазақстан кино күндері аясында көрсетілді. «Айқай» фильмінің әлемдік премьерасы Оңтүстік Кореядағы Busan International Film Festival кинофестивалінде өтті, – деп түйіндеді Мәдениет комитетінің төрағасы.

Соңғы жаңалықтар