Тегеран Израильмен қақтығыс кезінде қаза тапқандармен қоштасты
АСТАНА. KAZINFORM – Мыңдаған ирандық Тегеран көшелеріне таяудағы қақтығыс кезінде қаза тапқандармен қоштасуға шықты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Иран астанасында жоғары лауазымды әскери шенеуніктерді, ядролық ғалымдарды және бейбіт тұрғындарды өлтірген Израильмен 12 күндік соғыста қаза тапқандарды еске алуға арналған ондаған жылдардағы ең ірі мемлекеттік рәсімдердің бірі басталды.
Қоштасу рәсімі қаза тапқан 60 адамның, оның ішінде 16 ядролық ғалым мен 10 жоғары шенді қолбасшының құрметіне ұйымдастырылды. Олардың арасында Иран Қарулы Күштері Бас штабының басшысы генерал Мохаммад Багери, Ислам революциясы Сақшылар корпусының қолбасшысы генерал Хосейн Салами және СІҚК Аэроғарыш күштерінің басшысы генерал Амир Әли Хаджизаде бар. Үшеуі де қақтығыстың алғашқы күндерінде, яғни 13 маусымда Израиль әуе күштерінің соққысынан қаза тапты.
Қара киім киген мыңдаған адам Тегеранның орталық көшелерінде кезекке тұрды. Жалаулар мен марқұмдардың портреттері бар адамдар бағаналары Энгелаб алаңынан Азадиге дейінгі даңғылдарды толтырды.
Жерлеу рәсіміне Иран саясаты мен қорғаныс саласының маңызды тұлғалары қатысуда. Ислам республикасының президенті Масуд Пезешкянды күзетшілердің сүйемелдеуімен жиналған жұрттың арасынан байқады. Іс-шараға сонымен қатар элиталық «Құдс» күштерінің қолбасшысы Исмаил Каани және бұрын қателесіп өлді деп жарияланған Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеидің кеңесшісі Әли Шамхани қатысып жатыр.
President @drpezeshkian attends the funeral procession for victims of Israeli strikes in Tehran. pic.twitter.com/9ExnQ5ShQI
— IRNA News Agency (@IrnaEnglish) June 28, 2025
Өз кезегінде Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арахчи ирандықтардың ержүрек мінезіне, батыл әрекеттеріне тәнті болғанын жеткізді.
— Ирандықтар қан берді, бірақ намысты емес. Олар отбасыларынан айырылды, бірақ қадір-қасиетінен айырылған жоқ. Олар ешқашан берілмеді, - деді Иран Сыртқы істер министрі.
Кейін ол өзінің Instagram парақшасында генерал Саламидің табытының қасында тұрған суретін жариялады.
— Ұлттық мақтаныш — ең қымбат нәрсе. Бүгінгі таңда екі ядролық державамен бетпе-бет келе жатқан ирандықтар өздерінің абыройын сақтап қалды және енді болашаққа асқан табандылық пен абыроймен қарайды, - деді ол.
Энгелаб алаңындағы рәсімнен кейін жерлеу шеруі қала орталығынан шамамен 11 шақырым жерде орналасқан Азади алаңына дейін жалғасты. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, марқұмдардың бір бөлігі Тегеранда жерленсе, қалғандары туған провинцияларында жерленеді.
Мемлекеттік органдар мұндай ауқымды рәсімді өткізуді сыртқы қауіп-қатер жағдайында қоғамның бірлігі мен биліктің заңдылығын растау символы ретінде қарастырады.
Кейінгі онжылдықтарда Иран өлгендермен мұндай жаппай қоштасуды көрмеген. Бақылаушылардың айтуынша, осындай ауқымдағы аза тұту шаралары тек Иран-Ирак соғысы кезінде ғана өткізілген.
Еске салсақ, бұған дейін Израиль Иранға соққы беріп, әуе кеңістігін жауып тастаған еді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Израильдің Иранға қарсы жасаған соққыларын «біржақты әрекет» деп атап, оған Ақ үйдің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ бұған дейін Трамптың Израиль мен Иранды айыптағанын жазған болатынбыз.