Тегін вакцинаны жұмысы халықпен тығыз байланыстағы адамдар алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин тұмауға қарсы тегін вакцинаны кімдер алатынын айтып берді, хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Алдағы уақытта тәуекел топтарындағы адамдарға тұмауға қарсы екпе жасасақ, бұл өз кезегінде халықтың денсаулығын қамтамасыз етеді. Көбінесе, 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Өкінішке қарай, бізде балаларға қарағанда, ересектердің вакцина алуы деңгейі жоғары тұрады. Яғни ересектер өздерінің денсаулығын ойлайды да, ал балаларды ұмытады. Сондықтан балаларды вакциналау шараларына мән беру керек», - деді Ж. Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, тегін вакцинаны міндетті түрде тәуекел тобындағы адамдар алады. Тәуекел тобы санатына балалар, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар адамдар, сонымен қатар медицина қызметкерлерінің өздері және жұмысы халықпен тығыз байланысты адамдар жатады. Олардың ішінде созылмалы өкпе, жүрек әрі қан-тамыр ауруларымен, иммундық жеткіліксіздігімен ауыратын, әлсіз және жиі ауыратын балалар, сондай-ақ медицина қызметкерлері жүкті әйелдер мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен вакцинацияланады. Осы топтағылардың әрқайсысы аурудың ауыр түріне бейім. Бұл ретте, уақтылы егілу аурудың жеңіл өтуіне көмектеседі.

Сонымен қатар, алдын алу мақсатында әрбір адам қалауы бойынша тұмауға қарсы ақылы түрде вакцина алады.

Бас санитарлық дәрігердің атап өтуінше, биыл тұмауға қарсы вакцинаны жаппай егу шаралары елімізде 1 қазаннан басталады.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің ақпараты бойынша, Қазақстанда қазан айынан бастап тұрғындардың 10 пайызы вакцинацияланады. 2018 жылы бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 1,5 млн дозасы 1 млрд 200 млн теңгеге сатып алынды. Вакцина A (H3N2) және A (H1N1) және В тұмау штаммдарының антигендерін қамтиды. Одан басқа Қазақстанда 3 өндірушінің тұмауға қарсы тағы 4 вакцинасы тіркелген.

Соңғы жаңалықтар