Тегін 10 сотық жер: кезекте қанша адам тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Жер кодексіне сәйкес, әрбір қазақстандық жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер учаскесін тегін алуға құқылы. 

Тегін 10 сотық жер: кезекте қанша адам тұр
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Жылжымайтын мүлік бойынша бірыңғай мемлекеттік кадастр» ақпараттық жүйесі негізінде «Жер учаскесін алу кезегінің тізілімі» іске асырылған.

— Қазір аталған тізілімде 4 257 042 адам тіркелген. Алайда жер учаскелерін беру мәселелері және осыған сәйкес тізілімді жүргізу тікелей жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады, — деген жауап алдық ресми сауалға.

Кімдер өтінім бере алады?

Кәмелет жасына толған кез келген Қазақстан азаматы өтінім бере алады, оның меншігінде басқа жер учаскесі, пәтер немесе үйдің болуы маңызды емес.

Жер учаскесін қалай алуға болады?

10 сотық жерге өтінім беру және кезек күту мәртебесін бақылау қызметіне Электрондық үкімет порталы арқылы жүгінуге болады.

Ол үшін «Жылжымайтын мүлік» бөліміне кіріп, «Жер қатынастары» бөлімін таңдап, одан кейін «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу кезегін қарау немесе тіркеу (10 сотық)» тармағын таңдап, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу қажет. Авторизациядан өткеннен кейін «Өтініш түрі» бағанында қажетті қызметті таңдап, тиісті жолды толтырасыз.

Сондай-ақ, кезектегі мәртебені Жер кадастрының көпшілік картасы арқылы да тексеру мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, жер учаскесі берілгені туралы SMS-хабарлама арқылы автоматты түрде хабарлау функциясы іске қосылған. Хабарлама жергілікті атқарушы органдардың автоматтандырылған «Жер кадастрының бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі» арқылы жіберіледі.

Жерді кім, қашан және қалай береді?

— Жер учаскелері тек су және электр желілері тартылған аумақтардан ғана беріледі;

— Жер беру туралы шешімді жергілікті әкімдік қабылдайды. Олар жер учаскесін дайындау барысы және кезектегі тізім туралы ақпаратты сайтта және бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тілдерінде тоқсан сайын жариялап отыруға міндетті;

— Жерді жеке меншікке тұрғын үй салынғаннан кейін алуға болады. Ал игеру кезеңінде жер жалға беріледі;

— Жеке меншікке беру туралы шешім үйді пайдалануға қабылдау актісі негізінде қабылданады;

— 10 сотық тегін жер тек бір рет, кезек келген облыс/қала аумағынан ғана беріледі. Қалған өтінім жойылады.

— Мемлекеттен бұрын тегін жер алған немесе жергілікті бос жер жоқ болған жағдайда, кезекке тұру мүмкін емес.

Айта кетейік, тегін алған 10 сотық жер үй салуға жарамсыз болса, қайтадан кезекке тұруға болады

Өткен жылы Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков халыққа 10 сотық жер телімін беру мәселесін көтеріп, ұсыныс айтқан еді

Соңғы жаңалықтар