Тегін сыйлықтар миллиондық несиеге айналған: Қостанайда тұтынушылар шағымы көбейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысының Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне массажды жапқыштарды сатып алуға қатысты ақшаны қайтару үшін сотқа дейінгі талап-арыз жазуға көмек сұрап келіп түскен өтініштер көбейді.

Тұтынушылар құқығы
Фото: Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті

Азаматтардың айтуынша, көшеде белгісіз адамдар конверттегі «ұтылмайтын лотереяны» ұсыну арқылы түрлі тұрмыстық техниканы (шаңсорғыш, үтік, микротолқынды пеш және т.б.) «сыйлыққа» береді. Артынша оларды қаланың мейрамханалары мен кафелеріне шақырып, «тегін сыйлықтарды» салтанатты түрде табыстайды. Осы жерде массажды жапқыштар таныстырылып, егер қолма-қол ақша болмаса, бірден Kaspi немесе Халық банк қосымшалары арқылы несие рәсімдетіледі.

Ұйымдастырушылар несие мерзімін әр адамның несие тарихына қарай әртүрлі етіп белгілейді. Соның салдарынан «тегін сыйлықтар» науқанына қатысқан тұтынушылар миллион теңгеден астам несие рәсімдеп, тауарды базардағы бағадан бірнеше есе қымбатқа сатып алғанын тек үйге келген соң аңғарады.

Мамандардың айтуынша, егер мұндай жағдайға тап болсаңыз және тауарға несие рәсімдеген болсаңыз, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 14-бабына сәйкес, 14 күн ішінде тауарды қайтарып, ақшаны талап етуге құқығыңыз бар. Ол үшін сатушыға сотқа дейінгі талап-арыз жазып немесе департаментке Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы 115/1 мекенжайы бойынша немесе e-otinish.kz арқылы жүгінуге болады.

- Сатушы тұтынушының талап-арызына 10 күн ішінде жауап беруге міндетті. Бұл ретте сатып алынған тауар мен сыйлықтарды қайтару қажет. Сонымен қатар банкке сатушының агрессивті маркетинг әдістерін, бағасының бірнеше есе қымбаттығын, психологиялық ықпал ету әрекеттерін көрсетіп шағымдануға болады. Бұл сатушыны адал емес кәсіпкерлер тізіміне енгізіп, банк есепшоттарын бұғаттауға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді департаменттен.

Кей жағдайларда келісімшарттағы сатушының заңды мекенжайы болмауы мүмкін. Мұндайда тұтынушы сотқа жүгініп, келісімшартты бұзуды және ақшаны қайтаруды талап ете алады.

Департамент күмәнді шараларға қатыспауға кеңес беріп отыр. «Тегін сыйлық болмайды, тек қана қақпандағы ірімшік тегін» деген нақылды еске салып, сақ болуды ескертеді.

Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті.

Соңғы жаңалықтар