Техаста су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 43 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM –  АҚШ-тың Техас штаты, Керр округіндегі жойқын су тасқыны салдарынан 43 адам, соның ішінде 15 бала қаза тапты. Бұл туралы округ билігі мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.

Техаста су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 43 адамға жетті
Фото: Getty Images

Қаза тапқан ересектердің бесеуі және үш бала әзірге сәйкестендірілген жоқ. Штат билігі құрбандар санының артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазіргі уақытта жазғы лагерьде демалып жатқан 27 қыз бала із-түссіз жоғалғандар қатарында.

— Құтқарылғандар мен эвакуацияланғандар саны 850 адамды құрады, олардың сегізі түрлі жарақат алған, — деді Керр округінің шерифі Ларри Лита сенбі күні кешкісін өткен баспасөз мәслихатында.

Техастың бірнеше округінде төтенше жағдай жарияланды: көптеген жолдар қираған, телефон байланысы істемейді.

Құтқарушылар Сан-Антониодан 104 шақырым солтүстік-батыста орналасқан Кервилл қаласына жақын маңдағы Camp Mystic жазғы лагерінде демалып жатқан 27 қыз баланы іздестіруді жалғастырып жатыр. Ларри Литаның айтуынша, бұл операция барлық балалар табылғанша тоқтатылмайды.

АҚШ-тың Ұлттық метеорологиялық қызметі (NWS) Техастың оңтүстік-орталығында орналасқан Комал округінде де су тасқыны қаупі бар екенін хабарлады.

Бұған дейін Техаста су тасқыны кезінде 24 адамның қаза тапқаны туралы хабарланған болатын.

Айта кетелік Пәкістанда төтенше ауа райы салдарынан қаза тапқандар саны артқаны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар