Техастағы су тасқыны: Қаза тапқандар саны 100-ден асты, 28 бала бар
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Техас штатындағы күшті су тасқыны салдарынан, соңғы мәліметтер бойынша, 104 адам қаза тапты, оның ішінде 28 бала бар. Апаттан кейін төрт күн өтсе де, 24 адам әлі де хабар-ошарсыз кеткендер қатарында, деп жазды BBC.

Жергілікті биліктің мәліметінше, ең көп зардап шеккен Керр округінде дүйсенбі кешіне қарай 84 адамның қаза тапқаны расталды, тағы 11 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Тревис, Бернет, Уильямсон, Кендалл және Том Грин атты бес өзге округте 20 адамның қаза тапқаны расталды, тағы 13 адам хабарсыз кеткен.
АҚШ-тың Ұлттық метеорологиялық қызметінің деректеріне сәйкес, 4 шілдеге қараған түні Керр округінің бір бөлігінде үш-тен алты сағат аралығында 125-тен 250 мм-ге дейін жауын-шашын түскен. Бұл өңірде шілде айында әдетте 50 мм шамасында ғана жауын түседі. Демек, кейбір аймақтарға бірнеше сағат ішінде айлық нормадан төрт-бес есе көп жауын жауған.
Дональд Трамп Техас штатында төтенше жағдай режимін енгізді.
Еске салсақ, Техаста нөсер жаңбырдан кейін су тасқыны болып, құтқарушылар әлі күнге дейін өзен жағалауларын тексеріп, жоғалғандарды іздеу үшін үйінділерді қопарды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа Техас штатындағы алапат су тасқыны салдарынан көптеген адамның, соның ішінде балалардың қаза тапқанына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.