Техастағы су тасқынынан мерт болғандар саны 51-ге жетті, олардың 15-і балалар
АСТАНА. KAZINFORM – Техастағы су тасқынынан соң құтқарушылар із-түзсіз жоғалғандарды табу үшін өзен жағалаулары мен үйінділерді аршыды, деп хабарлайды Еuronews.

Еuronews-тің хабарлауынша, Техаста нөсер жауын салдарынан болған су тасқынынан кемінде 51 адам мерт болды, оның 15-і бала. Су басқаннан кейін бір жарым тәулік өтті, алайда билік өкілдері христиандардың Christian Camp Mystic жазғы лагеріндегі 27 баладан басқа қанша адамның із-түзсіз жоғалғанын нақтыламады. Мерт болғандардың көпшілігі жақын маңнан табылған.
Жұма күні Гваделупе өзені небәрі 45 минуттың ішінде сегіз метрден аса көтеріліп, үйлер мен лагерьлерді және автокөліктерді қиратты. Техас штатында демалыс күндері толассыз жауған нөсер жаңбыр тасқынға ұласты, су тасқыны туралы жаңа ескертулер жарияланды.
Сенбі күні іздеу-құтқару жұмыстары күшейтілді, су ортасында қалған тұрғындарды құтқару және із-түзсіз кеткендерді табу үшін тікұшақтар, қайықтар және дрондар жұмылдырылды.
-Біз олардың бәрін табамыз,-деді губернатор Грег Эббот.
Керр округының шерифі Ларри Лейта Хилл Кантри өңірінде 32 адамның қаза тапқанын растады. Олардың 18-і ересек адам, ал 14-і бала. Сондай-ақ Тревис және Бернет округтерінде де адамдардың қаза болғаны хабарланды.
Құтқару жұмыстары демалыс күндеріне дейін жалғасады. Билік өкілдері із-түзсіз кеткендерді іздеумен және шығынның жалпы ауқымын бағалаумен айналысып жатыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа Техас штатындағы алапат су тасқыны салдарынан көптеген адамның, соның ішінде балалардың қаза тапқанына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.