«Техмаманда» даярланған мамандар индустриялық жобаларды іске асыруға өз үлестерін қосады - Қызылорда облысы

Сонымен қатар жеке тұлғаларды аймақтағы жұмыспен қамту органдарының жолдамасымен оқу ақысын толық өтеу келісімшарты негізінде қайта даярлау және біліктілігін арттыру да осы орталықтың міндеті саналады. Оқу орталығының құрылтайшысы «Дорстрой» ЖШС өзінің жарғылық капиталы негізінде және ақылы білім беру қызметінен түсетін қаржылары мен демеушілер арқылы екі ай бойы курстан өтетіндерді шәкіртақымен қамтамасыз етеді.
«ТехМаман» оқу орталығының директоры Серік Толыбаев қайта даярлаудан және біліктілігін арттыру курстарынан өтетіндер үшін жақсы жағдай жасалғандығын айтады. Орталықтың материалдық базасы бүгінгі талап үдесінен шығып, қажеттіліктерді толық өтей алады. Мәселен, 4 теориялық оқу кабинеті, медпункт, оқытушылар бөлмесі, кітапхана, өндірістік оқу шеберханасы, оқу- жаттығу полигоны бар.Жол құрылыс машиналарын (түрлері бойынша) техникалық пайдалану мамандығы бойынша бульдозер машинисі, скрепер машинисі, жатық вальцалы өздігінен жүретін каток, пневматикалық шиналы жартылай тіркеме, тығыздаушы және тегістеуші-тығыздаушы машинисі, кранды автомобиль, автогрейдер, автомұнара мен автогидрокөрсеткіш машинисі секілді біліктіліктер беріледі.
Жұмыссыздар санын азайту мақсатында «Жол картасы» бағдарламасына сай 2009 жылы екі айлық курс бойынша 98 адам қайта даярлаудан өткен. Оның ішінде 50 адам бульдозер машинисі, 15 адам кранды автомобиль машинисі, 17 адам экскаватор машинисі, 16-сы автогрейдер машинисі мамандығын алып шықты. Олардың әрқайсысы өңіріміздегі түрлі өндіріс орындарында, индустриялық жобаларды іске асыруға өз үлестерін қосуда. Қазір «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолын салу кезінде пайдаланылатын жұмысшы күшін қайта даярлаудан өткізу қолға алынып отыр. Жылына 300-дей адамды оқытып және қайта даярлаудан өткізетін аталмыш оқу орталығына биылғы жылы 265 талапкер қабылданады деп жоспарлануда.