Техникалық байқау: қызмет бағасы қанша және жүргізушілер нені білуі керек
АСТАНА. KAZINFORM — Жеңіл автокөлікті жылына бір рет техникалық байқаудан өткізу міндеттеледі. Қызмет құны көлік құралының түріне байланысты өзгеріп отырады. Әрине, ең арзаны — жеңіл автокөліктерді байқаудан өткізу.
Заң талаптары
Техникалық байқаудан өткізу тәртібі ҚР «Жол жүрісі туралы» Заңында көрсетілген. Заңның 88-бабына сәйкес, көлікті техникалық байқаудан өткізу үшін көлік құралының өзі және мемлекеттік тіркеу туралы куәлік қажет. Көліктің қайда тіркелгені маңызды емес. Маңыздысы, көлікті кез келген техникалық байқау орталығына апарып, тексертіп алуға болады.
Жеңіл автокөліктерге қатысты маңызды жайтты есте ұстаңыз. Егер көліктің шығарылғанына 7 жылдан асса және ол заңды тұлғаға тиесілі болмаса, әр 12 ай сайын техникалық байқаудан өткізу қажет. Ал заңды тұлғаның атына тіркелген автокөліктерді өндірілген жылына қарамастан, әр 6 ай сайын техникалық байқаудан өткізу міндеттеледі. Такси, автобус және маршруттық такси де жылына екі рет тексеріледі.
Техникалық диагностика кезінде не тексеріледі?
Техникалық байқау кезінде мамандар автокөлікті қауіпсіз пайдалануға әсер ететін негізгі жүйені, бөлшектерді тексереді. Тексерген кезде ақау анықталмаса, техникалық байқау орталығы берілген қорытынды үшін жауапты болады.
Міндетті түрде тексерілетін негізгі көрсеткіштер:
- Тежеу жүйесі: тежегіштің жұмыс істеуі, тежеу тиімділігі және дөңгелектер арасындағы тежеу күшінің айырмашылығы;
- Рульдік басқару және аспа жүйесі: рульдің мықтылығы, рульдік басқару тетіктері мен аспа бөлшектерінің жарамдылығы, жүріс бөлігінің жағдайы;
- Сыртқы жарық құрылғылары: шам, бұрылыс көрсеткіші, тежегіш шамдары, артқы шамдар және жарықтың дұрыс реттелуі;
- Дөңгелек: дөңгелектің белгіленген талапқа сәйкестігі, протектордың күйі және қауіпті зақымның болмауы;
- Қозғалтқыш пен шығару жүйесі: зиянды шығарынды деңгейі, тиісті жүйенің герметикалығы және диагностика әдістемесінде көзделген басқа да көрсеткіштер;
- Қауіпсіздіктің өзге де элементтері: қауіпсіздік белдігі, әйнек тазалағыш, жүргізушінің көру мүмкіндігі, айна, дыбыс сигналы және әдістемеде көзделген басқа да бөлшектер.
Техникалық байқаудан өтпеген жағдайда не болады?
Егер автокөліктен заңда тыйым салынатын ақау анықталса, техникалық байқаудан өтпеген болып есептеледі. Көлік иесіне анықталған бұзушылықтар көрсетілген диагностикалық карта беріледі.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін автокөлікті қайта тексертуге болады. Жүргізуші бұрынғы техникалық байқау орталығына қайта барса, мамандар алдыңғы тексеру кезінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеген көрсеткіштерді ғана қайта қарайды.
Айта кетейік, техникалық байқау орталығының аумағында көлік құралын жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге рұқсат жоқ. Сондықтан ақау анықталған жағдайда автокөлікті жөндету үшін техникалық қызмет көрсету орталығына баруға тура келеді.
2026 жылдың 19 қазаннан бастап цифрлық тіркеу жүргізіледі. Диагностикалық карта электронды түрде рәсімделіп, тексеру мәліметтері бірыңғай цифрлық жүйеге жіберіледі. Техникалық байқаудан өткеннен кейін уақыты және жарамдылық мерзімінің аяқталатын күні eGov жүйесіндегі жеке кабинетте көрсетіледі.
Техникалық байқаудан өту мерзімі сақталмаса, айыппұл қарастырылған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 9-тармағына сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Қазіргі уақытта бұл — 21 625 теңге. Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 20 АЕК-ке, яғни 86 500 теңгеге дейін өседі.
Техникалық байқаудан өту және оның бағасы
Автокөлікті Қазақстанның кез келген техникалық байқау пунктінде тексертуге болады. Еліміздің қалаларында мұндай орталықтар жеткілікті. Тексеру рәсімі шамамен 15 минутқа созылады.
Техникалық байқау — ақылы қызмет. Оның құны көлік құралының түріне байланысты. Жеңіл автокөлікті тексерту арзан болса, жүк көліктерін техникалық байқаудан өткізу бағасы жоғары.
Ең төмен баға Орал мен Қарағандыда тіркелді. Бұл қалаларда қызмет құны 3 000 теңгеден басталады.
Одан кейін Петропавл, Павлодар және Талдықорған қалалары орналасқан. Мұнда техникалық байқау бағасы 4 000 теңгеден басталады.
Ақтау, Жезқазған, Көкшетау және Астана қалаларында техникалық байқаудан өту құны 5 000 теңгеден басталып тұр. Шымкент пен Өскеменде қызмет бағасы 6 000 теңге және одан жоғары.
Тараз, Қостанай, Қызылорда, Атырау, Семей және Алматы қалаларында техникалық байқаудың ең жиі кездесетін бағасы — 7 000 теңге.
Қызмет құны жоғары қалалар — Ақтөбе мен Түркістан. Мұнда техникалық байқаудан өту құны 8 000 теңгеден басталады.
Жол-көлік оқиғасынан кейін сақтандыру төлемі қалай беріледі?
21 қазаннан бастап Қазақстанда жол апатынан кейінгі сақтандыру төлемдері тек банк шотына аударылады. Сақтандыру компаниясының кассасынан қолма-қол ақша алу мүмкін болмайды. Жаңа тәртіп неліктен енгізіліп жатыр және сақтандыру компаниясы тиісті сомадан аз төлесе, не істеу керек? Бұл туралы заң кеңесшісі Арыс Данағатов Kazinform тілшісіне айтып берді.