Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына құжат қабылдау басталды

АСТАНА. KAZINFORM – 25 маусымнан бастап Қазақстанда техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылдау басталды.

талапкер
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, 2025 - 2026 жаңа оқу жылында грант негізінде 150 мың талапкерді қабылдау жоспарланып отыр.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы (гранттар) геология, машина жасау, энергетика, IT, металлургия, көлік және тағы да басқа техникалық мамандықтар бойынша артты. Құжаттарды электрондық үкімет порталы egov.kz арқылы немесе колледжге барып тапсыруға болады.

Талапкерлерге 4 мамандық пен 4 колледжді таңдап, бір уақытта құжат тапсыру мүмкіндігі берілген. Орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандықтарына түсу үшін байқау міндетті және бейіндік пәндер бойынша аттестаттың орташа балы негізінде өткізіледі. Жұмысшы біліктілігін алғысы келетін түлектер колледжге әңгімелесу нәтижесі бойынша қабылданады.

Педагогикалық мамандықтарға түсушілер үшін эссе немесе диктант, ал медициналық мамандықтар бойынша бейіндік емтихандар өткізіледі. Орта буын мамандықтары бойынша (9 және 11-сынып) құжат қабылдау 25 маусым мен 22 тамыз аралығында өтеді. Шығармашылық мамандықтар бойынша — 25 маусымнан 20 шілдеге дейін. Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша — 25 маусымнан осы жылдың 10 тамызына дейін.

Сондай-ақ колледжге қабылдау кезінде ҚР Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 15 тамыздағы №261 бұйрығына сәйкес квота көзделген. Бұйрықтың толық мәтінімен «Әділет» құқықтық порталында танысуға болады.

Бұған дейін ЖОО-ға құжат қашан қабылданатыны белгілі болған еді.

Соңғы жаңалықтар