Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау: 20 өңірде IT-орталықтар іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – Студенттердің мүмкіндіктерін кеңейту және біліктілігін арттыру мақсатында колледждер базасында өңірлік IT-орталықтар құрылып жатыр. Бұл экономиканың цифрлық трансформациясы мен IT-мамандарға сұраныстың өсуі жағдайында аса өзекті болып отыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.
Бүгінде Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінде «IT HUB / JYLYJAI10 IT» өңірлік IT орталығы табысты жүзеге асырылуда, мұнда «Робототехника», «Графикалық дизайн» және «3D-прототиптеу» бағыттары бойынша білім беру курстары жүргізіледі.
Орталықта 3D-прототиптеу, желілік әкімшілендіру, веб-дизайн, виртуалды және кеңейтілген шындық зертханаларын қоса алғанда 10-нан астам мамандандырылған зертханалар бар. Сонымен қатар бағдарламалық қамтамасыз ету, веб-сайт құру және өндірістік прототиптер бойынша ақылы қызметтер ұсынылады. Орталықта сондай-ақ студенттерді WorldSkills және JuniorSkills чемпионаттарына дайындайды.
«Өңірлік IT-орталықтар колледж студенттеріне еңбек нарығында сұранысқа ие заманауи техникалық дағдыларды игеруге, сондай-ақ озық білім беру ресурстары мен бағдарламаларына қол жетімділікті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұл инновациялық жобаларды дамыту, IT-компаниялармен және халықаралық серіктестермен ынтымақтастық құру бағытында қосымша мүмкіндіктерге жол ашады», – деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова.
Тағы 20 IT-орталықтың ашылуы жоспарлануда, оның ішінде Алматыдадағы IT HUB Almaty Polytechnic College өз жұмысын осы жылдың қараша айында бастайды.