Техникалық және кәсіптік білімді дамытуға 2015 жылға дейін 90 миллиардтан астам теңге бөлінді - Б.Жұмағұлов
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
Астанада өтіп жатқан «Кәсіптік білім беру және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты ІІІ Халықаралық форумда сөз сөйлеген Білім министрі, Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында кадрлармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер белгіленгенін атап өтті.
«Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту қарастырылған. Оған 2015 жылға дейін 90 млрд.-тан астам теңге бөлінді», - деді ол.
Б.Жұмағұлов атап көрсеткендей, «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасының шеңберінде мамандықты және одан да жоғары біліктілікті алғысы келетіндер үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Бүгінгі таңда мұндай оқулармен 60 мыңнан астам адам қамтылды. 2012 жылдан бастап жұмыс берушілердің мамандарды оқытуға жұмсаған шығындарының 70 пайызын қайтару көзделуде.
«Заманауи кәсіптік стандарттарды әзірлеуге, техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртуға Дүниежүзілік банк қарызының есебінен құны 33 млн. доллар болатын жоба іске қосылды», - деп түйіндеді ведомство басшысы.