Технологияның заңсыз экспортына қатысты АҚШ-та ұсталғандар арасында қазақстандықтар жоқ - СІМ

Бұл туралы бүгін сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев осылай мәлім етті.
«Қазақстан СІМ ресми өкілі ретінде мәлімдеймін, АҚШ-та ұсталғандар арасында еліміздің азаматтары жоқ. «Қазақстан Республикасындағы азаматтық туралы» заңның 21-бабы 5 тармағына сәйкес, басқа елдің азаматтығын иеленген сәттен бастап, кез-келген азаматқа қатысты Қазақстанның азаматтығы жойылады. Осыған орай, жоғарыда аталған іс бойынша Қазақстанның азаматы жоқ. Ал Қазақстанда туған Александр Вищенконың азаматтығы ол Ресей, сосын АҚШ азаматтығын алған сәттен тоқтатылған», - деді ресми өкіл.
Еске салсақ, жақында АҚШ билігі АҚШ-тан Ресейге жоғары технологиялық микроэлектрондық қондырғыларды заңсыз экспорттауға қатысты 11 тұлғаға айып таққан. Оның ішінде 8 адам Хьюстон сотының шешімімен қамауға алынған болатын.
Осыған орай, кейбір ақпарат агенттіктері ұсталғандар арасында қазақстандық азамат да бар деген қауесет таратқан.