Тек қорғаныста жатып қалмаймыз — «Қайрат» бапкері «Реал Мадридке» қарсы ойын жайлы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында 30 қыркүйек күні Орталық стадионда «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойын өтеді. 

Тек қорғаныста жатып қалмаймыз — «Қайрат» бапкері «Реал Мадридке» қарсы ойын жайлы
Фото: видеодан алынған скрин

Матч алдында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин және команда ойыншылары Әділет Садыбеков, Александр Широбоков брифинг өткізді. Рафаэль Уразбахтин маңызды ойын алдында команданың дайындығы туралы айтты.

— Алғашқы ойында кішкене қобалжу сезілді. Бірақ қазір біз жоғары деңгейде 9 матч өткіздік. Сондықтан жігіттерде қатты уайым болады деп ойламаймын. Ажиотаж бен мұндай эмоцияларға үйреніп қалды. Қосымша қысым болмайды, қайта олар үшін мотивация болады, — деді ол.

Сондай-ақ бапкер Чемпиондар лигасының алдыңғы ойындарында қолданылған схемаға күтпеген өзгерістер енгізілмейтінін айтты.

— Мұндай қарсыластармен тек алға ұмтылып шабуылдай беру немесе керісінше тек қорғаныста жатып алу мүмкін емес екен. Мұнда тепе-теңдік керек. Оларда жеке шеберлігі мықты футболшылар көп, мұндай қарсыласқа қарсы әрекет ету оңай емес. Кей ойыншылардың қимылын жауып, өзімізге артықшылық тудыратын сәттерді ойластыру қажет. Өйткені бір-бірге қалып, қорғаныс жасау қиынға түседі. Бірақ біз тек қорғаныста отыра бермейміз. Барлық матчта шабуыл мен қорғанысты қатар алуға тырысып келеміз, — деді ол.

Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар Лигасының 15 дүркін чемпионы Қазақстанға келуі — бүкіл қазақстандық футбол үшін тарихи оқиға екенін атап өтті.

— Қуаныштысы, матч Алматыда өтеді. Жанкүйерлер бұрын тек теледидар арқылы көрген әлемдік футбол жұлдыздарын көзбе-көз көре алады. Бұл ойынды біз үлкен үмітпен күтіп отырмыз. Сондықтан лайықты өнер көрсетуге тиіспіз. Қазір қандай да бір нәтиже туралы айтқым келмейді, бірақ ең бастысы — сапалы ойын көрсетуіміз керек, — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін «Қайрат» қақпашылары Темірлан Анарбеков пен Заруцкийдің жағдайы қалай екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар