Текелінің тұрғындары жылдар бойы сапалы ауыз суға жарымай отыр

Кеншілер шаһары тіршілік нәрін Қора өзенінен алып отыр. Ал көктем, жаз айларында таудан еріген қар суымен бірге мәрмәр тасының ұнтағы араласып, су ішуге мүлдем жарамай қалады.
Сондықтан қала тұрғындары осы уақытта ауыз суды қайнарлардан тасып ішуге мәжбүр.
Текелі су құбыры жүйесін жоспарлы тазалау жұмысын жүргізіп, халықты бір күн бойы ауыз сусыз қалдырған.
Бірі жаяу, бірі көлікпен қала ортасындағы бұлақтың суын ыдыстарына толтырып алып амалдайды.
«Кранның суы ішуге жарамайды, келмейді. Қыста былай тазарғанымен көктем уақытында су ерігеннен кейін мәрмәр араласып келеді де, ағызған кезде әппақ су ағады. Ұн араласқан сияқты көрінеді. Сондықтан осы бұлақтан алып ішеміз»,- дейді Текелі қаласының тұрғыны Роллан Жансұлтанов.

Қазіргі таңда 6 мың текше метрлік жаңдан су жинайтын резервуар салынып, қалаға 15 шақырым құбыр тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Жоба құны - 1 млрд теңгеге жуық.
Былтыр басталған жұмыстар биыл күзде аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда жоспардың 45 пайызы орындалған.

«Шажа өзенінен су құбырын тартып жатырмыз. Ұзындығы төрт шақырым болады. Соның екі шақырымын бітірдік»,- дейді Текелі қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ғалым Қызылбасов.


