Тексеру комиссиясы Алматы әкімдігінің бірнеше кемшілігін көрсетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қалалық мәслихаттың кезекті XXX сессиясы өтті. Онда 2024 жылғы Алматы қаласының бюджетін атқару мәселелері талқыланды.

Тексеру комиссиясы Алматы әкімдігінің бірнеше кемшілігін көрсетті
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссияның төрағасы Алтай Бердіқұлов 2024 жылы жергілікті бюджеттің орындалуын тексерген аудиттің қорытындысын ұсынды. Ол жалпы бюджеттің орындалуына оң баға берді. Бірқатар жүйелік кемшіліктерді де атап өтті. Олар:

- Қала бюджеті Алматының даму жоспарымен толық көлемде үйлестірілмеген;

- Жекелеген көрсеткіштер «адамдар үшін» қағидасына сәйкес келмейді;

- Даму жоспарында ауаның сапасын бағалауға арналған ешқандай көрсеткіштер қарастырылмаған.

- Біз 2026–2030 жылдарға келесідей ұсыныстар жасаймыз: халықтың өмір сапасын, әл-ауқатын және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көрсеткіштерді айқындау және «адамдар үшін» қағидасын қамтамасыз ету. Сонымен қатар азаматтардың кері байланысын ескере отырып қаланың Даму жоспарын әзірлеуді қамтамасыз ету және жоспарлаудағы дербестікті кеңейту үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс енгізу, – деді Алтай Бердіқұлов.

Сонымен қатар Тексеру комиссияның төрағасы квазимемлекеттік секторға ерекше назар аударды. Былтыр 11 ұйым жылды 26,8 млрд теңге шығынмен аяқтаған. Олар: «Алматыэлектротранс» ЖШС, «Алматы жылу желілері» ЖШС, «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС, «Grand Hall Unity» ЖШС, «Алмтрэйд» ЖШС, «Almaty Business Development Company» және «Метрополитен» КМК, «Алматы су» КМК, «Алматы Тазалық» КМК, «Алматы қаласының құтқару қызметі» КМК, «№1 қалалық перзентхана».

Биыл «Алматы су», «Алматы Тазалық», «Алматыэлектротранс» сынды ірі кәсіпорындарға аудит жүргізу жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда былтыр бюджеттен 47 млрд теңге игерілмегенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар