Тексеру қорытындысы: Алматылық оқушыларға тамақ қалдықтары берілген жоқ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – №67 мектепте тамақтану сапасына қатысты ведомствоаралық сараптамалық топ асханаға мониторинг жүргізді.

Тексеру қортындысы: Алматылық оқушыларға тамақ қалдықтары берілген жоқ
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

– Азық-түлік өнімдерін қайта пайдалану фактілері расталмады, бірақ тамақтануды ұйымдастыруда бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, салаттардың қанағаттанарлықсыз сапасы тіркелді, бұл технологиялық карта мен пісіру процестерінің бұзылуына байланысты болуы мүмкін, - деп хабарлады қалалық білім басқармасынан.

Ведомстводан атап өткендей, мониторинг қорытындысы бойынша Алматы қаласының санитарлық қауіпсіздік және бақылау департаментіне хаттар жолданды.

– Мектеп директорына қатысты бақылауды әлсіреткені үшін тәртіптік шаралар қолданылатын болады, ал департамент тамақтандыру қызметтерін жеткізушіге қатысты жоспардан тыс тексеруге бастамашылық жасайды. Ведомствоаралық сараптамалық топтың жұмыс тиімділігін арттыру үшін топ құрамы ұлғайтылды, бейінді сарапшылардың қатысуы күшейтілді және мониторинг регламенттері бекітілді. Жұмыс Алматы қаласының барлық білім беру мекемелерінде тамақтану сапасын қамтамасыз етуге бағытталған, - деп атап өтті басқармадан.

Еске салайық әлеуметтік желілерде Алматыдағы мектептердің бірінің асханасында оқушыларға тамақ қалдықтарын беріп жатыр деген ақпарат пайда болды. 

Кейін Алматы қалалық білім басқармасы осыған байланысты түсінік берді.

Осыған дейін Алматы мектептерінде оқушыларға берілетін тегін ас мәзіріне ұлттық тағамдар енгізілуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.  

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында мектеп асханасындағы тамақ сапасын арттыру бағытындағы ұстанымдарын айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар