Текті әулеттің ізгі дәстүрін жалғастырған мерейлі отбасы (ФОТО)
![None None](/static/img/plug.webp)
Осындай үлгілі де мерейлі отбасылардың бірінің отанасы, бүгінде 85 жасқа толып, бала-шағалары мен немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған қадірлі Зәйкен Қасқиқызы Атығаева Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының жұрт сыйлаған өнегелі әжелердің бірі. Зәйкен Қасқиқызы ұлағатты отбасының шаңырағын шайқалтпай, балаларына да жоғары білім беріп, ел-жұрттың іргелі шаруаларына білек сыбана араласқан, талай мықтыларды өзінің алғыр да өжет мнезімен мойындатқан, Алаш жұртының ілгеріде өткен ардақты бабаларына құрмет көрсеткен парасатты жан. Сырлы Сырымбеттей ажарлы асыл ана Зәйкен Қасқиқызы көп адамдардың қолынан келе бермейтін жұмыстарды өзі атқарып, халқына қалаулы, еліне елеулі болып, ұлын да, қызын да оқытты. Зәйкен елін көтерсе, елі ұлға балаған қызын көтерді. Зәйкен Қасқиқызының ақыл-кеңесімен, озық ойлы пікірімен мүйізі қарағайдай талай мықтылар санасып, айтқанын орындады. Орта жүздің ақырғы хан Уәлидің Сырымбеттегі мұражай-ауласын қайтадан қалпына келтірді. Сырымбет селосында орта мектеп, Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық мұражайдың, Мәдениет үйінің, қарағайдан қиып әсем үйлердің салынып, пайдалануға берілуіне Зәйкеннің қосқан сүбелі үлесі бар.
Зәйкен күйеуінің шаңырағын шайқалтпай халқына, еліне, Отанға адал қызмет көрсетіп, небір жоғарғы шенді лауазымды мықтылармен терезесі тең сөйлесіп, сырлы Сырымбет саласында, арайлы Айыртау аясында ерлерше еңбек етті. Мектеп директоры болып қаншама игі өміршең істер тындырды. Ұлы Шоқан Уәлиханов жөнінде қаншама ұрпақтан-ұрпаққа кететін құнды материалдар жинап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, ақыры Шоқан Уәлихановтың тарихи-этнографиялық мұражайын ашып, тарихқа атын алтын әріппен жазды.
Зайкен Қасқиқызы еңбек жолын орта мектепте физика және математика пәнінің мұғалімі болып бастаған екен. Одан кейінгі жылдары Сырымбет орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, көп жылдар бойы сол мектептің директоры болып, кейіннен ауылдық кеңесті басқарған ірі ұйымдастырушылық қызметі мол, алғыр, озық ойлы адам. Шоқан Уәлихановтың этнографиялық музейінің республикалық мәртебе алуына біраз еңбек сіңірді. Сол кездегі Қазақстан үкіметі басшыларының бірі, парасатты басшы, ел ағасы Бәйкен Әшімовтің тікелей өзіне өтініш жасап, Шоқанның 150 жылдық мерекесін ұйымдастыруға ықпал етті. Зәйкен Қасқиқызының көп жылғы адал еңбегі үшін мемлекет тарапынан үлкен наградаларға ие болмаса да, оның еліне сіңірген еңбегін әсте ұмытпайды. Оның ең басты қасиеті отбасы ұйтқысы бола білуі, өмірден ерте кеткен күйеуі Рахмалы Нұрғожиннің орнын жоқтатпай, әулеттің атадан балаға жалғасқан ізгі қасиеттерін әспеттеді, оның жақсы дәстүрлерін кейінгі балаларына кіршіксіз сақтап, жеткізді.
Зәйкен Қасқиқызының күйеуі Рахмалы Нұрғожаұлы Нұрғожиннің бұл фәниден өткеніне 44 жыл өтті. Биыл ол тірі болғанда 100 жасқа толар еді. Ғасырлық тойы бүкіл әулеттің, ел-жұртының қуанышына айналар еді. Оның қажыр-қайрат мен күш-жігері тауды бұзып, тас жарғандай еді. Егер бұдан әрі шегініс жасайтын болсақ, оның әкесі Нұрғожа ақсақал қолы қысқа болғанына қарамастан, Шайда, Рахмалы, Бейсенбі, Қадиша, Айтжан, Дүйсе атты ұл-қыздарына тәлімді тәрбие беруге қолынан келгеннің бәрін де жасап бақты. Алдымен Рахмалы мен Бисенбісін "Казгородок" мектебінен жеті сынып бітірткізді. Жасынан оқуға ынталы Рахмалы бұдан кейінгі эстафетаны өзі жалғастырып әкетті. Сол кезде үлкен өркениет орталықтарының бірі болған Петропавл қаласында ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, оны жақсы бағамен бітіріп шықты. Білімді кадрларға сусап отырған Айыртау ауданының басшылары оқу бітіріп келген Рахмалы Нұрғожинды құшақ жайып қарсы алды. Жап-жас өрім өрен бірден аудандық комсомол комитетіне жұмысқа жіберілді. Бұл 1934 жыл болатын. Ал 1937-41 жылға дейін ол аудандық партия комитетінде нұсқаушы болды.
Кешікпей Ұлы Отан соғысы басталды. «Ат басына күн туса ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса етігімен су кешер» дегендей, жиһангерлік майданға офицерлік әскери атақпен қатысқан Рахмалы Нұрғожин неміс-фашист басқыншыларымен жан аямай соғысты. Мәскеуде офицерлік курсын бітірген соң, Хабаровск қаласында әскери қызмет атқарды. 1943 жылдан бастап 2-ші Прибалтика майданының құрамында болып Белоруссия, Прибалтика елдерін азат ету соғысына қатысып, Кенигсберг (қазіргі Калининград) қаласын алу кезінде жарақат алды. Саяси жетекші, гаубица батареясының командирі болды. Санамен саралап көргенге бұл оңай шаруа емес. Ал Нұрғожин бұл міндетті мейлінше адал атқарды. Ол қазақ халқының жақсы атын шығарды. Кешегі жоңғар шапқыншылығында найзаның ұшымен, білектің күшімен ұлаңғайыр жерді ұрпағына мұра етіп қалдырған батыр халықтың көреген, батыр ұлы неге жаман соғыссын. Нұрғожиннің «Жауынгерлік Қызыл ту» орденімен, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Жеңіс» және т.б. медальдарымен марапатталуы Отан-ана патриотының елін қорғаудағы ержүректігі мен батырлығының айшықты айғағы болса керекті. Жарақат алғаннан кейін 1947 жылға дейін Кеңестік Армия құрамында қызмет етті, Еуропа және КСРО қалаларын қайта қалпына келтіру ісіне белсене араласты. Елге келісімен бірден Айыртау аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқару ісін қолға алды. Көз көргендердің айтуынша, Рахмалы Нұрғожаұлы қандай жұмысты да ынты-шынтысымен беріле атқаратын еді. Ойы өрелі, көкірегі зерек зиялы азамат қайдан тегін болсын. Ол өзінің тектілігін, іскерлігін партия қызметінде жүріп сан мәрте дәлелдеп шықты. Өзінің өрлеуіне, самғауына даңғыл жол салды.
Ақиқатында ол кезде Сырымбет саласында, арайлы Айыртау аймағында жергілікті кадрлардың өсуі қиынның-қиыны еді ғой. Рахмалы Нұрғожиндай халқының көгіне күн болу үшін жаралған есіл ерлер қалайша тегін болсын?! Ол 1949-50 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқып, білімін толықтырды. 1951-1955 жылдары Айыртау аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып істеп, аудан экономикасын, мәдениетін көтеру жолында көп еңбек жасады. Жергілікті кадрларды өсіру ісін де әсте естен шығарған емес. Аудандық Совет атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметін атқарған кездері де болды. Рахмалы тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде асқан білгірлікпен еңбек етті. Абзал жанның ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Еңбек Қызыл ту» орденімен және мемлекеттік медальдармен марапатталды. Халқының қамын ойлаған асыл аға шалғайдағы ауылдардағы қазақ мектептерінің сақталуы жолында да тер төгіп еңбектенді. Әсіресе ауыл-село мәдениетін дамытуға, қазақ жастарының көбірек білімге бас қоюына көңіл бөлді. Соғыстан жаралы оралған майдангер 1966 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шықты. 1972 жылы 58 жасында бұл фәниден бақилыққа көшті.
Зәйкен Қасқиқызы бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Жанат жоғары білімді маман. Жанұясы бар. Көрікті Көкшетауда тұрады, бір ұлымен бір қызы бар, немере сүйген. Бақыты жоғары білімді дәрігер болып, Қарағанды қаласында абыроймен еңбек етіп, 2005 жылы дүние салды. Оның алтын асықтай екі ұлы ер жетіп қалды. Шолпаны Қарағанды университетінде қызмет істейді. Оның да бала-шағасы, немерелері бар.
Әке жолын қуған Марат алтын медальмен Сырымбет орта мектебін бітіріп, Мәскеуде Бауман атындағы жоғары техникалық училищесін бітіріп, одан әрі өзі оқыған жоғары оқу орнында аспирантураны бітіріп, ғылым кандидаты болып, одан көп ұзамай техникалық ғылымдардың докторы атағын алды. Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.
Еңбек қызметін Қарағанды политехникалық, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде ассистенттен бастап, бірінші проректорға дейін ғылымның қия жолында еңбек етті. 2004 жылдан 2006 жылға дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры, аппарат басшысы. 2006-2007 жылдарда - Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы. 2007 жылдан бастап 2008 жылға дейін - «Самғау» ұлттық ғылыми-техникалық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары. 2008 жылғы сәуірден бастап - « Қазақстан Ғарыш Сапары » ҰК» АҚ бірінші вице-президенті. Бүгінде осы ұлттық компанияда президенттің міндетін атқарушы.
«Құрмет» ордені мемлекеттік наградасының иегері. Еуропалық бизнес-ассамблея және әлемнің 54 елінің көрнекті ғалымдарының Еуропа ректорлар клубы техника ғылымдарының докторы Марат Нұрғожинді «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» Даңқ орденімен және оған қоса «Ғылымдағы есім» құрметті атағымен марапаттады. «Ғылымдағы есім» халықаралық наградасымен бірге оған Сократ ордені, құрмет лентасы мен Қазақстан ғалымының есімі ХХІ ғасырдың танымал ғалымдарының тізіміне енгізілгені жөніндегі сенім грамотасы тапсырылды. Профессор Марат Нұрғожин 250 ғылыми мақала, жеті патент, төрт монография, тоғыз оқулық пен ғылыми әдістемелердің авторы, ол бес кандидат пен бір ғылым докторын, қырықтан астам магистрант дайындап шығарған.
Мараттың балалары ер жеткен. Әселі жоғары білімді маман, техникалық ғылымдар кандидаты. Қазіргі уақытта "Назарбаев Зияткерлік мектептері" АҚ-да Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры. Жанұясы бар. Жолдасы Серік құрылысшы. Үлкен ұлы Әлихан он алтыда, оныншы сынып оқушысы. Кішкентайы Ерхан үштен асты.
Мәдинасы 2005 жылы «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсіп, АҚШ-тың Иллинойс Университетін аяқтап, магистр атағына ие болды. Оның жолдасы Сапар да оған сай болып, Италияның мықты Университетінде білім алған. Қазіргі уақытта олар екеуі де ұлы Арсенмен бірге Германияның Мюнхен қаласында оқуларын жалғастырып жатыр. Жұбайы Гуляра бүгінгі күні Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қатысты «Білім беру ресурстық орталығында» бас менеджер болып, білім саласында, жас ұрпағымызды тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді.
Бір ғана мерейлі отбасының өмір жолы осындай. Қазақта "орны бар оңалар" деген халық даналығы бар. Енді жақын күндерде Нұрғожиндердің үлкен отбасы әкелері Рахмалы ақсақалдың туғанына 100 жыл толуына және Зәйкен Қасқиқызының 85 жасқа толуына орай үлкен дастарқан басында, бүкіл ұрпағымен осы атаулы күндерді атап өтпек.
Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дегендей, өнегелі ұрпақтың ұл-қыздары бүгінде ата-бабаларының ізгілікті ісін жаңа дәуірге сай жалғастырып, ел тәуелсіздігінің ұлы мұраты, еліміздің ертеңгі жарқын болашағы жолында еңбек етіп, өмір сүруде. "Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді" дегендей, бір ғана отбасының өмір-тарихы тәуелсіздіктің бізге берген үлкен сыйы - еркін елде бақуатты өмір сүрудің, жасампаздықтың сабақтарын ұқтырғандай.