Тель-Авивте 100 мыңнан астам адам наразылық акциясына шықты

None
ТЕЛЬ-АВИВ. ҚазАқпарат – Тель-Авив пен Израильдің басқа қалаларында жүз мыңнан астам адам наразылық акциясына шықты. Олар Биньямин Нетаньяху үкіметіне және оның жоғарғы соттың өкілеттіктерін шектеуді көздейтін реформасына қарсы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі The Times of israel басылымына сілтеме жасап.

Жергілікті полиция Тель-Авивтің Каплан көшесі мен Хабим алаңына шамамен 110 мың адам жиналғанын хабарлады. Тель-Авивтің орталығындағы көптеген жолдар жабылды және тәртіпті қамтамасыз ет үшін полиция күштері тартылды.

Елдің барлық қалаларында, соның ішінде Иерусалим, Хайфа, Беэр-Шеве, Герцлия мен Модиинде мыңдаған адам митингіге шықты. Сондай-ақ, шетелде тұратын израильдіктер Бостон, Барселона және Торонто қалаларында көшеге шыққан.

Ереуілге шыққандар Биньямин Нетаньяху үкіметі бастаған сот реформасына наразылық білдіреді. Бұған дейін Әділет министрі Ярив Левин Израиль сот жүйесін айтарлықтай әлсіретуі мүмкін ұсыныстар жасаған болатын. Жоғарғы соттың өкілеттіктері үкімет пен заң шығарушы биліктің пайдасына өзгертілмек, сонымен қатар министрлер кабинеті судьялардың тағайындалуын саяси бақылауға алады.

Израильдің «12 канал» арнасы Б. Нетаньяху коалициясы заң жобасының 1 ақпанға дейін Кнессетте бірінші оқылымда қаралғанын қалайтынын хабарлады.

Наразылыққа опозиция көшбасшысы, бұрынғы премьер-министр Яир Лапид қатысты. Сондай-ақ, бұрынғы қорғаныс министрі және ЦАХАЛ – Израиль қорғаныс әскерінің басшысы, «Ұлттық бірлік» партиясының жетекшісі Бени Ганц та болды.

Нетаньяху наразылықтарға жауап ретінде 2022 жылғы қарашадағы сайлауда оның үкіметі сайлаушылардан партиясының ауқымды сот реформасын жүзеге асыру үшін мандат алғанын бірнеше рет айтты.

Фото: The Times of Israel

Соңғы жаңалықтар