12:50, 23 Шілде 2015 | GMT +5
Tele2 операторы Алматыдағы сел туралы ТЖД хабарламасын не үшін таратпағанын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Tele2» байланыс операторы Алматыдағы селге байланысты смс хабарламасын таратпау туралы ресми түсініктеме берді, деп хабарлады 24.kz.
«Алматы Төтенше жағдайлар департамені жіберген смс-хабарлама үшін ақы алу туралы әңгіме болған жоқ. «Tele2» мен ТЖД арасында арнайы келісім бар. Оған сәйкес, біз абоненттерге смс-хабарлама жіберу үшін арнайы арна бөліп қойғанбыз. Арнаны бүкіл тәулік бойы пайдалануларына болады. Алайда сол келісімге сәйкес, біз Департамент ұсынған және бекіткен процедураны қатаң ұстануымыз керек. Құжатта біз шұғыл жіберетін смс-хабарламалардың үлгі-шаблондары нақты көрсетілген. Бізге ТЖД бекіткен үлгіге сәйкес келмейтін хабарлама мәтіні екі рет келді. Ал сол шаблонға сай смс-хабарлама мәтіні келген бойда оны абоненттерге жібердік», делінген хабарламада.