Телеарналардағы хабарларды журналистер қауымы өздері жүргізуі керек - Б. Жақып

«Журналистика да шығармашылық мамандық. Қазір заман талабына сай бұл салада көп өзгерістер орын алып жатыр. Жаңа бағыттар қолға алынуда. Сондықтан, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу бағдарламасына журналистер қауымына арналған тұрақты шеберлік сыныптарын енгізу керек деп ойлаймын. Оның үстіне қазір, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына үлкен өзгерістер енгізілейін деп жатыр. Сонда белгілі, тәжірибелі журналист мамандар келіп, жастар арасында БАҚ саласының әр түрлі бағыттары бойынша біліктілікті арттыру, дамыту бойынша шеберлік сыныптарын жүргізе алар еді», - деді Б. Жақып.
Сонымен қатар, ол телеарналардағы хабарларды журналистер қауымы өздері жүргізуі керектігін алға тартты.
«Жалпы, әрбір кәсіби маман өз жұмысын атқаруы тиіс. Журналистер теледидардағы тізгінді өз қолдарына алулары керек. Өкінішке қарай, әзірге көптеген телеарналарда әншілер, әртістер жүргізетін жеңіл күлкіге, жеңіл әзілге құрылған хабарлар көбейіп кетті. Бұл көңілге кірбің ұялатады», - деді Б. Жақып.