«Телефонмен сөйлесе білесіз бе?» - баспасөзге шолу

***
Жақында Қызылорда қаласының 9-сынып оқушысы Әбілпасым Латыш осы кезге дейін ешкімнің ойына келмеген математикалық теңдеуді шығарды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Күрделі математикалық теңдеу» атты материалында.
Математиканың айналасында жүретін ғалымдар мен мамандардың айтуынша, оқушының шығарған теңдеуі сәулет өнері мен роботехниканың жұмысына түрлі эскиздер жасауға мүмкіндік береді.
Әбілпасым математикалық теңдеу шығарғаннан кейін өзінің жұмысын Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан мен еліміздің 400-ге жуық жас математиктері қатысқан халықаралық конкурсқа ұсынған болатын. Сол жерде оның зерттеу жұмысына шетелдің жасы үлкен ағалары мен апалары өте жоғары берді.
Әбілпасым Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды. Қазір оның математикалық теңдеуіне отандық ғалымдар да зор қызығушылық білдіріп жатыр. «Бұл жас жігіттің шығарған теңдеуі жобалау және үлгілеудің әдістерін анағұрлым жеңілдетеді. Қазір ол 17 жасында таңғажайып формула шығарып жатса, болашақта одан үлкен үміт күтуге болады», - дейді ғалымдар.
«Мен мектепте жасаған жұмыстарыммен тоқтап қалмаймын. Алдыма үлкен мақсат қойып отырмын. Ол - физика мен астрономия саласын одан сайын терең зерттеп, планеталар мен олардың серіктерінің қозғалысын теңестіру. Болашақта жерлесім Асқар Жұмаділдаев сияқты үлкен ғалым болып, еліме қызмет еткім келеді», - дейді Әбілпасым.
Бас басылымда «Аккредиттелгендер саны 720-дан асты» деген материал басылды. Орталық сайлау комиссиясының сенбі күнгі отырысында «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылданды.
Аталған қаулыға сәйкес Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша сайлауды байқау жөніндегі бір миссияның, бір халықаралық ұйымның және бір шет мемлекеттің тағы 155 байқаушысын аккредиттеді. «Олардың ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 153 байқаушысы, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан бір байқаушы және шет мемлекеттен бір байқаушы бар, - деді ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова. - 2016 жылғы 12 наурыздағы жағдай бойынша Ортсайлауком Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің 608 байқаушысын аккредиттеді».
Комиссия мүшесінің атап өткеніндей, 12 наурызға дейін ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 197 байқаушысы, ТМД миссиясының 293 байқаушысы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясының 9, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан 75, Ислам ынтымақтастығы ұйымынан 3, Түркітілдес елдердің Парламентаралық Ассамблеясынан, 8, 10 шет мемлекеттен 23 байқаушы аккредиттеліп отыр. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 27 мемлекеттен шетелдік БАҚ-тың 117 өкілін аккредиттеді. Қазіргі уақытта 725 халықаралық байқаушы мен шетелдік бұқаралық ақпарат өкілі аккредиттелген.
«Отырыста Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2016 жылғы 11 наурыздағы №11/766 ұсынымының негізінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Седанна Маргарянды Армения Республикасынан байқаушы ретінде аккредиттеудің күшін жойды және Армения Республикасынан байқаушы ретінде Гоара Балаянды аккредиттеді», - деді Т.Охлопкова осы мәселе жөнінде.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда бұдан былай ірі мұнай өңдеу зауыттары өз өнімдерін еш делдалсыз, тікелей жанармай құю стансаларына жеткізе алады.
Сенаторлар қолданыстағы заңнаманы тиісті жаңа нормамен толықтыратын болды. Осы және басқа жаңалықтар кеше Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында қаралды.
«Кейбір заңнамалық актілерге мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру мен айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталған жаңа заң жобасына Жоғары палатаның депутаттары бастамашы болды. Ол Сенаттың 10 наурыздағы жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған.
Енді екінші оқылымға әзірленіп жатқан бұл құжат еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларында есептеу құралдарын енгізуді 2017 және 2018 жылдарға көшірмек. Бұған қазіргі күрделі кезең итермелеп отырған көрінеді. Әйтпесе, биылдан бастап, барлық МӨЗ-дерге қанша шикізат әкелініп, қанша көлемде мұнай өнімдері шығарылғанын қатаң есепке алу көзделген. Әрине, бұл шаралар біраз қаржы шығынын қажет етеді.
Бір топ депутат жазған жоба жөнінде өз әріптестеріне түсініктеме берген сенатор Михаил Бортниктің айтуынша, МӨЗ-дер мен мұнай базаларындағы бақылау және есепке алу аспаптарын орнату мерзімін ауыстыру қарастырылуда: «Қолданыстағы заңнамада бекітілген 2016 жылғы 1 қаңтардың орнына бұл мерзім МӨЗ-дер үшін 2017 жылғы 1 қаңтарға, ал мұнай базалары үшін 2018 жылғы 1 қаңтарға көшіріледі» деді ол. Бұл жайында «Бензин бағасы арзандай ма?» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Су тасқынына дайынбыз ба?» деген мақала жарияланды. Жақында көктемгі су тасқыны салдарынан туындайтын төтенше жағдайлардың зардабын жою кезінде іс-қимыл және азаматтық қорғаныс жүйесінің дайындығын анықтау мақсатында республикалық «Көктем-2016» жаттығуы өтті.
«Онда көктем айларында міндетті түрде болатын су тасқыны сияқты табиғат құбылысының алдын алу, төтенше жағдайларды жою кезінде басқарма органдары мен мемлекеттік азаматтық қорғаныс күштерінің дайындығы тексерілді. Әр облыстан түскен мәліметтер бойынша төтенше жағдайлардан құтқару қызметтері көктемгі топансуға қарсы барлық күштерін жинап, техникаларын сайлап дайын тұр»,-деп жазады газет.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Телефонмен сөйлесе білесіз бе?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Ғылым мен білімнің жемісі болған озық технология түрлері өмірімізге батыл түрде енуде. Қоғамдық көлікке міне қалсаңыз, қалта телефонына жаппай үңілген жастарды көруге болады. Ал кейбір ересектердің өзі үн қатқан телефонды ала сала ауыз өзімдікі деп айғайға басады. Әркім өзінің басындағы ойын басқаға айтып, түсіндіру үшін оған лайықты сөз таба білуге тиісті. Әркім сөйлеу мәдениетіне мән беруі тиіс.
«Күнделікті көріп жүргеніміздей, кейбір адамдар телефонмен сөйлесу әдебін де, мәдениетін де естен шығарып алады. Тіпті телефонмен төтенше немесе шұғыл жағдайда ғана хабарласу керектігіне де көпшілік мән бере бермейді. Қоғамдық орындарға жайғасып алып, өз үйінің төрінде отырғандай емін-еркін әңгіме тиегін ағытатындар да кездеседі. Өкінішке орай, дөрекі, құлаққа жағымсыз сөздерді өзгелер естіп қойды-ау деп сондай жандардың қысылмайтынына таңырқайсың? Таяуда автобуспен вокзал жаққа баруға тура келді. Көлікте мінген бойда әр тұстан телефон үні естіле бастады. Бір байқағаным, өз мәселесін егжей-тегжейлі баяндаған бір келіншек бес минуттың ішінде он екі рет «конечно» сөзін қолданды. Кейбіреулерге «давай-давай», «ладно», «пока» сөздерін айту дағды болып кеткендей. Бір көлікте келе жатқан соң олардың әңгімесі естіліп жатады. «Кассада күт, келеатырым...». Осылайша шұрайлы тілімізді бұрмалап сөйлеген келіншек еш қысылмады.
Ұялы телефонмен қоғамдық орында қатты дауыстап сөйлесуге болмайтыны анық. Өйткені айналаңыздағы кісілерге кедергі келтіресіз, әрі сіздің біреумен әңгімеңіздің жұртқа не керегі бар. Бұдан басқа мәдени орындарда дауыстап сөйлеу, жеті түнде телефон соғу жайлары өмірде кездесіп тұрады. Сөйлеу мәдениеті түгілі қарапайым нәрсені ескермеу - нағыз әдепсіздік емес пе?!»-деп жазады мақала авторы.