Telegram алғаш рет 540 миллион доллар пайдаға кенелді

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылдың қорытындысы бойынша Telegram мессенджері алғаш рет пайдаға шықты — компания 540 миллион доллар табыс тапқан. Бұл туралы Бұл жөнінде Delo.ua сайты Financial Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Telegram
Фото: Pixabay.com

Бұл қаржылық жетістікке Telegram француз билігі тарапынан оның негізін қалаушыға бағытталған сот қысымдары аясында және серіктестік жобалар мен криптоэкожүйеден түскен табыстың күрт өсуі нәтижесінде қол жеткізді.

Financial Times-тың қолына түскен ішкі презентацияға сәйкес, 2024 жылы Telegram-ның кірісі 1,4 миллиард долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда (343 млн доллар) төрт есе артқан. Ал 2023 жылы компания 173 миллион доллар шығынға батқан болатын.

Бұл қаржылық көрсеткіштер инвесторларға жаңа 1,5 миллиард доллар көлеміндегі облигациялар шығарудың алдында таныстырылған. Қарыз сату науқаны сейсенбі күні басталды және алдағы күндері аяқталуы мүмкін.

Ақпарат көздерінің айтуынша, Telegram табысын негізінен төлем жасауға қабілетті қолданушылар санының артуы, премиум жазылымдар және Ton блокчейні мен Toncoin криптовалютасымен байланысты экожүйенің дамуы қамтамасыз етіп отыр. Платформа үшінші тарап әзірлеушілеріне сауда, ойындар және түрлі қызмет салалары бойынша шағын қосымшалар жасауға мүмкіндік беріп, одан қосымша табыс тауып отыр. 

2024 жылы компания төмендегідей табыс көздерінен қаржы алған:

• Жарнамадан — 250 млн доллар;
• Премиум жазылымдардан — 292 млн доллар;
• Жалпы табыстың жартысына жуығы — Ton экожүйесі мен серіктестіктерден.

Telegram 2025 жылы табысын 2 миллиард долларға дейін ұлғайтуды, ал пайдасын 720 миллион долларға жеткізуді жоспарлап отыр. 2025 жылғы ақпан айындағы жағдай бойынша мессенджердің қолма-қол қоры 530 миллион долларды құраған (криптоактивтер есепке алынбаған).

Сонымен қатар компания IPO (қоғамдық акциялар сату) мүмкіндігін де қарастырып отыр. Алайда Telegram мен оның басшылығына қатысты Франциядағы тергеу бұл жоспарға кедергі келтіруі мүмкін. Франция мен БАӘ азаматтығы бар Павел Дуров платформадағы кейбір контент — тыйым салынған материалдар мен терроризмге байланысты ақпарат — үшін қысымға ұшырап отыр.

Дуровтың өзі француз билігінің әрекеттерінің саяси астары бар екенін айтты. Ол Францияның барлау қызметін Румыниядағы сайлау алдында саяси контентке әсер етуге тырысты деп айыптап, әсіресе консервативтік пікірлерге шектеу қою талабын атады.

Заңдық тәуекелдерге қарамастан, Telegram жасанды интеллект саласындағы серіктестіктерін кеңейтіп келеді. Компания Илон Масктың xAI стартапына тиесілі Grok атты чат-ботпен интеграцияны және оны монетизациялау жоспарларын жария етті.

Қазіргі таңда Telegram-да ай сайын 1 миллиардтан астам белсенді қолданушы бар. Мессенджер небары 60 қызметкерден тұратын шағын командамен басқарылып, модерация қызметтері көбіне аутсорсинг арқылы жүзеге асырылады.

Еске сала кетейік, Франция прокуратурасы Дуровқа АҚШ-қа баруға рұқсат бермегенін жазған болатынбыз.

Оның алдында Дуров «Telegram Еуропалық Одақ заңын бұзды деу— әділетсіздік» деп дабыл қаққан болатын. 

Соңғы жаңалықтар