Telegram Ресей нарығындағы жұмысын жалғастыра береді - Павел Дуров

АСТАНА.KAZINFORM - Сервистің негізін қалаушы Павел Дуров бірқатар арналарда пайда болған Telegram Ресей нарығынан кетуі мүмкін деген қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

р
Фото: t.me/ durov

Кәсіпкер Telegram-ның Ресей нарығынан кетуі туралы ақпарат жалған екенін мәлімдеді. Мұндай хабарламаларды Telegram арналары өткен аптада таратты, содан кейін мессенджердегі осындай жазбалардың астында арнайы белгі пайда болды.

Дуров платформа туралы жалған ақпаратты тарату сервиске деген сенімге нұқсан келтіретін мақсатты науқанның бір бөлігі болуы мүмкін деп болжады.

– Бастапқыда сатиралық басылымда әзіл ретінде жарияланған бұл жаңалықты әзіл-оспақсыз, айтарлықтай салмақты арналар тез арада қайта басып шығара бастады. Тіпті Telegram арналарындағы мұндай жазбалардың астына теріске шығару белгісін қоюға тура келді, - деп жазды ол Telegram арнасында.

Сондай-ақ ол мессенджерде қолданушылар «фактчекинг» - жалған ақпаратты жоққа шығаратын белгілер деп атаған жаңа функцияның енгізілгенін растады.

Айта кетейік, 2024 жылдың тамызында Павел Дуров Парижде ұсталып, төрт күн қамауда болып, сотқа келген.

Дуров қамауға алынғаннан кейінгі алғашқы мәлімдемесінде БАҚ-тың Telegram-тағы бейнесін «мүлдем жалған» деп бағалады.

Соңғы жаңалықтар