Telegram ресми Astana Hub қатысушысы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Telegram Орталық Азиядағы жетекші инновациялық кластері Astana Hub-тың қатысушысы мәртебесін алды. Бұл туралы хабтың ресми сайтында жарияланды.

Telegram — деректер қауіпсіздігі, тұрақтылық, жылдамдық пен ауқымдылыққа басымдық беретін тәуелсіз технологиялық платформа. Бүгінде ол әлем бойынша ең көп жүктелетін бес қосымшаның қатарында. Ай сайын платформаға бір миллиардтан астам белсенді қолданушы кіреді.
— Telegram ішіндегі Mini Apps веб-қосымшалары арқылы түрлі сервис, маркетплейстер мен ойындар құруға болады. Бұл құралдар ай сайын 500 миллионнан астам қолданушыны тартады. 2024 жылы компания ішкі валюта — Telegram Stars-ты іске қосты. Қосымша әзірлеушілері бұл валютаны Toncoin-ге айырбастай алады. Платформа цифрлық қауіпсіздік қағидаттарына адал, яғни тіркелу кезінде жеке дерек талап етілмейді, бастапқы коды ашық, ал шифрлау хаттамасы аудитке қолжетімді, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ Astana Hub экожүйеге қосылу арқылы Telegram үшін бірлескен жобаларды іске асыруға, тәжірибе алмасуға және ішкі әрі жаһандық нарыққа арналған цифрлық өнімдерді дамытудың жаңа мүмкіндігін ұсынып отыр.
Еске салайық, өткен жылы Telegram-ның Қазақстанға жауапты кеңсесі Астанада ашылатыны айтылды.
Сондай-ақ Қазақстанда ашылатын Telegram кеңсесінде отандық мамандарға басымдық берілетіні белгілі болған еді.