13:37, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Телекоммуникация рыногындағы пайда 2008 жылы 379 млрд. теңгені құрады - Қ. Есекеев
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ Телекоммуникация рыногындағы пайда 2008 жылы 379 млрд. теңгені құрады.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Телекоммуникация рыногындағы пайда 2008 жылы 379 млрд. теңгені құрады. Бұл - жалпы ішкі өнімнің 3 пайызы. Сондықтан да телекоммуникация саласындағы үдерісті жоғары деп бағалауға болады. Сонымен бірге, өткен жылы байланыс саласына қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер осы саланың қарқынды дамуына септігін тигізді», - деді Қ. Есекеев.
Агенттік төрағасының айтуынша, 2009 жылы тағы 29 мемлекеттік органды «Мемлекеттік органдарға арналған интернет портал» жобасына қосу жоспарлануда. Осылайша, мемлекеттік органдардың жұмыстарын жетілдіру мақсатында Агенттік интернет портал және электрондық қызмет көрсету порталы бойынша жұмыстарды іске асыратын болады. «Мемлекеттік органдарға арналған интернет портал» жобасы бизнесті қолдауға қызмет көрсетуді, ақпараттық-анықтамалық ресурстарға қол жетімділікті, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ақпараттық қызмет көрсетуді көздейді. Интернет порталды жетілдіру аясында мекен-жай кітапшасы, анықтамалықтар, валюталар курсы, күнтізбені басқару, ауа райы, жаңалықтар таспасы, пошталық сервистер сынды қызмет түрлері әзірленген. Сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бизнес үдерістері автоматтандырылды.