Қазақ спортында жаңа тарих жаздық – Телжан Қабдиев
НАГОЯ. KAZINFORM – Аралас жекпе-жектен (ММА) ұлттық құрама бас бапкері Телжан Қабдиев Жапонида өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарын қортындылады.
Бас бапкер Kazinform тілшісіне спортшылардың жоғары деңгейде өнер көрсеткенін айтты.
– Біз осы додаға тыңғылықты дайындалып, үлкен мақсатпен келдік. Жарыс жолына төрт спортшымыз шығып, екі алтын және бір қола медаль жеңіп алдық. Әрине, қызымызға сәл сәттілік жетпей қалды. Бірақ спортшылар жоғары деңгейде өнер көрсетті, – деді ол.
Сондай-ақ Телжан Қабдиев ел спортында жаңа тарих жазылғанын атап өтті.
– ММА спорты алғаш рет Азия ойындары бағдарламасына қосылғаны баршаға белгілі. Осындай керемет жеңіс арқылы еліміздің осы спорттағы әлеуетін көрсетіп, жаңа тарих жаздық, – деді Т.Қабдиев.
Бас бапкер сөз соңында барша қазақстандықтарды осы тарихи жеңіспен құттықтап, қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.
Еске сала кетсек, Азия ойындарындағы ММА бәсекелері өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы 2 алтын және 1 қола медаль еншілеп, жалпы есепте екінші орыннан көрінді.
Еркінғали Бүркіталин ерлер арасында (77кг) ММА спортынан дәстүрлі стиль бойынша жарыс жолына шығып, финалдық сында Бахрейн спортшысы Мұхаммед Набиевті 3:0 есебімен жеңді.
Қадырбек Шынбаев Азия ойындарында ММА спортынан ерлер арасында (71кг) заманауи стильде өнер көрсетіп, ақтық сында Тәжікстан өкілі Хуршедзода Бехрузден 3:0 есебімен басым түсті.
Қазақстан құрамасы қазіргі уақытта 6 алтын, 1 күміс және 5 қола медальмен жалпы есепте төртінші орында келе жатыр.