Темекі 16 түрлі қатерлі ісік тудыруы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – 2050 жылға қарай әлемдегі қатерлі ісікке шалдыққандар саны 30 млн-нан, ал қатерлі ісіктен қайтыс болғандар 18 млн-нан асады, деп хабарлайды Анадолы.

Ғалымдар 2024 жылдан 2050 жылға дейін онкологиялық ауруларға шалдығу мен одан қайтыс болу жағдайларының біртіндеп өсуін болжап отыр.
2050 жылға қарай әлемде қатерлі ісікке шалдыққандар саны 30 миллионнан асады, ал 18 миллионнан астам науқас осы аурудан көз жұмуы мүмкін.
Бұл қорытындыға ғалымдар «Аурулардың жаһандық ауыртпалығы» (Global Burden of Disease, GBD) бағдарламасы аясында жүргізілген зерттеу нәтижесінде келді. Бағдарлама халық денсаулығына аурулар, жарақаттар және қауіп факторларының әсерін зерттейді. Халықаралық ғалымдар желісі онкологиялық аурулардың 2050 жылға дейінгі барысы мен салдарын талдады.
The Lancet журналында жарияланған зерттеу бойынша, 2023 жылы әлемде қатерлі ісікке шалдығудың 18,5 млн жағдайы тіркелген, 10,4 млн адам қатерлі ісіктен қайтыс болған.
2023 жылы ең көп таралған қатерлі ісік түрі — сүт безі обыры (2,3 млн диагноз). Одан кейін өкпе обыры мен тоқ ішек қатерлі ісігі тұр. Науқыстардың көбі өкпе қатерлі ісігінен көз жұмады. Аурудың бұл түрінен 2 млн-нан астам адам көз жұмды. Келесі орында тоқ ішек және асқазан қатерлі ісіктері.
Темекі шегу 16 түрлі қатерлі ісікті тудыруы мүмкін
Зерттеу авторлары 2024–2050 жылдар аралығында онкологиялық науқастар мен өлім жағдайларының біртіндеп өсетінін болжайды.
Ғалымдар қатерлі ісікке әкелетін 44 қауіп факторын анықтап, оларды үш санатқа бөлді:
кәсіби және экологиялық факторлар (ауа ластануы, радиация, өндірістік тәуекелдер);
метаболикалық факторлар (семіздік, жоғары холестерин, гипертония);
мінез-құлық факторлары (темекі шегу, алкогольді пайдалану, дұрыс тамақтанбау).
Зерттеу көрсеткендей, ең үлкен қауіп мінез-құлық факторларымен байланысты. Оның ішінде негізгісі темекі шегу. Темекі 16 түрлі қатерлі ісікті тудыруы мүмкін, алкоголь — 10 түрлі, ал дұрыс емес тамақтану — 6 түрлі қатерлі ісікке себеп болады.
2050 жылға болжам
Болжам бойынша, 2050 жылы қатерлі ісікке шалдыққандар саны 22,9 млн-нан 38,9 млн-ға дейін жетуі мүмкін, орташа есеппен — шамамен 30,5 млн адам. Қайтыс болғандар саны 15,6 млн-нан 21,5 млн-ға дейін болуы ықтимал, орташа есеппен — 18,6 млн адам.
Табыс деңгейі төмен және орташа елдерде қатерлі ісікке шалдыққандардың өлім-жітімі 90%-ға дейін жетуі мүмкін. Ал табысы жоғары елдерде бұл көрсеткіш шамамен 42% болады.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қатерлі ісік деңгейі 2023 жылғы деңгейде сақталады деп болжанып отыр. Бірақ 40–69 жас аралығындағылар арасында аурушаңдықтың өсуі, ал 70 жастан асқандар арасында өлім көрсеткішінің артуы болжанып отыр.
2050 жылға қарай ең көп таралатын қатерлі ісік түрлері сүт безі мен өкпе қатерлі ісігі болып қала бермек. Өкпе және тоқ ішек қатерлі ісігінен көз жұматындар саны өседі.
Ғалымдардың ұсынысы
Зерттеушілер зиянды әдеттерден бас тартудың, экологиялық және кәсіби факторлардың әсерін азайтудың, ерте диагностика жасаудың, денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің, емге қолжетімділіктегі теңсіздікті жоюдың және скринингтік бағдарламаларды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Айта кетелік Қытайда сирек кездесетін қатерлі ісік түріне қарсы алғашқы отандық препарат мақұлданды.