Темекі мен алкоголь бас және мойын обырына шалдығуға себеп болады

Қазақстанда жыл сайын 1700 адам бас және мойын обырымен ауырады. Бұл туралы Алматы онкология орталығының онкологы Самал Тойынбекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

қатерлі ісік
Фото: ҚазАқпарат

Дәрігердің сөзінше, темекі мен алкоголь — бас және мойын қатерлі ісігінің даму қаупін арттыратын негізгі факторлар. Оны бірге пайдалану қатерді күшейтеді. 

«Бас және мойын ісігі — бас пен мойынның әртүрлі бөлігінде, мәселен ауыз қуысында, көмейде, мұрын жолдарында, сілекей безінде, қалқанша безінде пайда болатын қатерлі ісік. Жыл сайын Қазақстанда бас және мойын қатерлі ісігінің 1700-ге жуық жаңа жағдайы, қалқанша безі қатерлі ісігінің 700-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Бас және мойын қатерлі ісігінің даму қаупін арттыратын басқа факторлар да бар. Күн сәулесінің астында ұзақ жүру — осы факторлардың бірі. Сондай-ақ, ерін ісігі, бас және мойын терісінің обыры, адам папилломавирусы, мұрын-жұтқыншақ ісігінің дамуында маңызды рөл атқаратын Эпштейн-Барр вирусы (EBV), экологиялық немесе кәсіби ингалянттар бар. Тағы бір фактор бар, ол — жақындарыңызда бас және мойын қатерлі ісігінің болуы», — деді дәрігер.

Статистика бойынша ер адамдар бас және мойын қатерлі ісігіне 2-3 есе жиі шалдығады. Сондай-ақ бұл ауруға 45 жастан асқан адамдар көбірек бейім болады.

«Бас және мойын қатерлі ісігінің белгілері — ұзақ уақыт емделмей жүрген ауыздағы немесе бас пен мойын терісіндегі ауырсыну, ісіну, жара, бітелген мұрын, жұтыну немесе тыныс алудың қиындауы, дауыстың, сөйлеудің өзгеруі, тұрақты күйзеліс. Ондай диагноз қою үшін биопсия, компьютерлік томография және магнитті-резонансты томография сияқты түрлі әдіс қолданылады. Бас және мойын обырын емдеу ісікті хирургиялық алып тастау, сәуле терапиясы, химиотерапия немесе осы әдістердің комбинациясын қамтуы мүмкін», — дейді Алматы онкология орталығының онкологы Самал Тойынбекова.

Ол сондай-ақ үнемі медициналық тексеруден өтіп, аурудың қандай да бір белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге қаралудың маңызын айтты.

Соңғы жаңалықтар