Темекі шегуге қарсы шараларды күшейтуге қатысты заң жобасы 20 сәуірде Парламентке ұсынылады

«Бесінші Ұлттық әлеуметтік сауалнама мәліметтеріне қарағанда, республикада тұрғындар арасында темекі шегудің таралуы 26,5 пайызды құрайды. Темекі шегу онкологиялық, жүрек-қан тамырлары аурулары, инфаркт, инсульт, тыныс алу жолдары ауруларын, гангрена, зағиптық, ерте қартаю, белсіздік, түсік тастау және өзге де инфекциялық емес ауруларға душар етеді. Онкологиялық дерттерден болатын өлім-жітім қан айналымы жүйесі ауруларынан кейінгі екінші орынды алады»,-делінген министрлік мәліметтерінде.
Айта кетейік, темекі тұтынуды шектеу және алдын алу мақсатында, Қазақстан 2006 жылы ратификациялаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес конвенциясы шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі темекі шегуге қарсы шараларды күшейтуге қатысты «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Қазір аталған заң жобасы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің қарауында жатыр. Жоспар бойынша ағымдағы жылдың 20 сәуірінде ҚР Парламентіне ұсынылады.