Темір тордың ар жағында басталған екеудің достығы оларды қайта түрмеге алып келді - Орал

ОРАЛ. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Темір қапастағы қылмыскерге еркіндікте жүрген сенімді достары болса, сол жердің өзінде отырып-ақ, небір қылмыстың жоспарын құрып,
None
None

басшылық етіп, қылмыс жасауға ештеңе кедергі болмаса керек. 2012 жылғы 4 сәуірде Орал қалалық соты ұзақ уақыт бойы алаяқтықпен айналысып келген Чинилев, Досалиев және Нагинге қатысты  үкім шығарды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 2001 мен 2003 жылдар аралығында аталған қылмыскерлер әрқайсысы әртүрлі жылдарға сотталып, бір колонияда жазаларын өтеген. Пиғылдары үйлескен қылмыскерлер бірге жүріп, тіпті жақын достасып та үлгірген. Кейін Чинилев пен Нагин өз мерзімдерін өтеп шыққаннан кейін тағы да қылмыс жасап, алдыңғысы 8 жыл, соңғысы 2 жылға үйреншікті мекендеріне қайта оралады.

2011 жылдың мамыр айында жазасын Астанада орналасқан колонияда өтеп жатқан Чинилевтің бостандыққа шығуына да бірнеше ай қалған болатын. Ал Нагин мен Досалиев болса,  ол кезде еркіндікке шығып үлгірген еді.  

Кәнігі сыбайластар ұялы телефон арқылы байланысып, жеңіл ақша табу жолын қарастырады. Сөйтіп қамауда отырған Чинилев басшылықты өз қолына алып, ұялы телефон арқылы бірнеше адамға өзін полиция қызметкері етіп таныстырып,  туысқандары қылмыс жасап ұсталғандарын және олардың мәселесін тез шешіп, босату үшін ақша қажеттігін айтады. Ал Нагин мен Досалиевке күні бұрынғы келісулері бойынша алданған адамдардан ақша жинау міндеті жүктеледі.

Чинилев Орал қаласының және Батыс Қазақстан облысының коды бойынша ойына келген сандарды басып нөмір теріп, қоңырау шалып отырған. Телефон тұтқасына алдымен тұнжыраңқы, баяу дауыспен туысқаны болып шығып, полиция қызметкерлері есірткі таратқаны үшін ұстағанын хабарлап, артынша даусын өзгерте салып, полиция қызметкері болып, туысқаны есірткімен ұсталғанын, оны босату үшін ақша керек екенін айтқан. Бостандықтың құны 200 мыңнан 500 мыңға бір-ақ шыққан. Содан кейін Чинилевтың сыбайластары көлікке отырып, аталған мекен-жайлардан ақшаны жинап отырған. Бастарына жай түскендей суық хабарды естіген кезде алданған жандар ойланбастан мекен-жайларын айтып, сұраған ақшаны беруге дайын екендерін білдірген. Осылайша алаяқтардың арбауына оп-оңай түскен бастысқазақстандық 5 адам 1,7 млн.  теңге ақшаларынан айырылған.

Орал қалалық соты ҚР Қылмыстық Кодексінің 177-бабы 3-бөлімі «а»  тармағымен (алаяқтық) барлық айыпталушыларды қылмысты деп таныды.

Эльдар Чинилевтің мүлкі тәркіленіп, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚР ҚК 60 бабы негізінде үкім жиынтығы бойынша, осы жазасына 2004 жылғы соттың үкімімен  тағайындалған жазасының өтелмеген мерзімі қоса берілді. Барлығы 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтейтін болды.  Нагин Романға  6 жыл 8 ай, Досалиев Жасталапқа 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыскерлерден жәбірленушілердің пайдасына 1,7 млн. теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар