Темір жол бойында белгіленбеген жерден өткен 23 594 азамат жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің қызметкерлерімен жыл басынан бері азаматтардың темір жол бойындағы орын алатын бақытсыздық жағдайларының алдын алу, бөгде заттарды қойып кету, терезе сындыруды болдырмау мақсатында стансаларда 653 жиын өткізіліп, оған 13 мың адам қатысты.
Сонымен қатар, 40 мың мал иелеріне темір жол маңында мал жаю ережесі таныстырылып, 271 кешенді рейдтік шаралар өткізілді.
Жүргізілген алдын алу шараларына қарамасатан темір жол бойында азаматтардың жарақат алу фактілері әлі де азаймай отыр.
Департаменттің Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Нұрлан Садықовтың айтуынша, темір жол бойындағы орын алатын жазатайым оқиғалардың көп жағдайда азаматтардың ескертулерге немқұрайлылық танытып, жүретін жолдарын қысқарту ниеттерінен болатындығын айтады.
Жыл басынан бері көлік полицейлері темір жол бойындағы белгіленбеген жерлерден өткен 23 594 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
«Оқыс оқиғалардың орын алуының басты себептері - азаматтардың белгіленбеген жерлерден жолды кесіп өтуі мен қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, сондай-ақ жасөспірімдердің қарапайым қағидаларды білмеуі немесе темір жол бойының қауіпті аймақ екендігін ескермеуінен», - дейді Нұрлан Садықов.
Темір жол бойындағы пойыздардың шұғыл тежелу фактілері де азаймай отыр. Ағымдағы жылдың 10 айында 1104 факті тіркелген, оның 674-і темір жол бойында адамдардың жүруінен, 292-сі малдардың болуынан орын алған. Мәселен, Защита стансасындағы ішкі істер желілік бөлімінің «Шар-Айыртау» аралығында темір жол бойында малдардың жайылып жүруіне байланысты 60 шұғыл тежелу болған. Бұл теміржол төсемдерінің тоғандар мен малдарға арналған жерлер жақын орналасқан шаруа қожалықтарының жекеменшік аумақтары арқылы өтетіндігімен байланысты. Сондай-ақ, темір жол өткелдерінде автокөлік жүргізушілерінің кінәсінен, яғни темір жол төсемдерінде автокөліктің болуынан 41 шұғыл тежелу орын алған, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.