14:21, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Темір жол саласының 30 қызметкеріне Ақтаудан үй берілді
АҚТАУ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Президенті Асқар Маминнің Маңғыстаудағы жұмыс сапары барысында облыстық темір жол бөлімшесінің 30 қызметкеріне Ақтаудан үй берілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2008 жылы жол бөлімшесі қызметкерлерінің әлеуметтік ?тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында Ақтаудағы «Ducat Towers» тұрғын-үй кешенінен жалпы көлемі 3800 шаршы метр болатын 30 жаңа пәтер сатып алған болатын. Бүгін жол бөлімшесінің қызметкерлеріне «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті А.Мамин мен облыс әкімі Қ. Көшербаев салтанатты түрде сол пәтер кілттерін табыс етті.«Кәсіби саламыз тікелей тасымал өндірісіне қатысты болғанымен, жұмыскерлеріміздің әлеуметтік мәселелері ешқашан назарымыздан тыс қалған емес. Бұған дейін кең көлемде атқарылып келген әлеуметтік қолдау бағдарламалары биыл да жалғасын таппақ. Соның басы бүгінгі 17 қабатты тұрғын үй кешенінен теміржолшыларға беріліп жатқан пәтерлер», - деді Асқар Мамин пәтер кілттерін тапсыру рәсімінде.