Теміртауда екі оқушы қыз құрылысы аяқталмаған көпқабатты үйден құлап, біреуі қаза тапты
![None None](/static/img/plug.webp)
Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлап отыр.
«Кеше, кешкі сағат 5 кезінде Теміртау қаласында екі жетінші сынып оқушысы салынып бітпеген тоғыз қабатты үйден құлады. Оның бірі оқиға орнында жан тапсырды. Екіншісі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді», - дейді баспасөз қызметі.
Зардап шеккен қыздың айтуынша, сабақтан кейін ол өзінің құрбысымен салынып бітпеген құрылыс нысанына келіп, мектеп жайлы әңгіме-дүкен құрған. Бесінші қабатта отырғанда, оның құрбысы сырғанап кеткен. «Мен оны ұстап алдым, бірақ тартып ала алмай, екеуіміз де төмен қарай құлдиладық», - деп хабарлады зардап шеккен қыз полицейлерге.
Оқиға орнынан полицейлер екі мектеп сөмкесін тапты. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, «жедел жәрдем» мен полицияны айғай-шуға келіп жеткен үш жеткіншек шақырды.