Теміртауда ломбардты тонамақ болған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлері бір айдың ішінде Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы ломбардтардың біріне шабуыл жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.
Ағымдағы жылдың 7 шілдесінде полицияға Теміртау қаласының 25 жастағы тұрғыны шағымданып, белгісіз азаматтың пышақпен қорқытып, өзі қызмет атқаратын ломбардттардың бірінен алтын бұйымдарын алып кеткендігі туралы хабарлаған. Аталған факті бойынша сол күні ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабы 1-тармағына сәйкес («Қарақшылық шабуыл») сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Күдіктінің жеке басын анықтау, жүрген ортасын білу және аталған қылмысты көрген білгендерді анықтау үшін Теміртау қалалық Ішкі істер басқармасының жеке құрамына бағыттама берілген.
"4 тамыз күні қылмыстық полиция басқармасы және Теміртау қалалық ІІБ Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған іске қатысы бар деген күдікпен қаланың 46-жастағы тұрғыны ұсталып, оның қарақшылық шабуыл жасағандығы белгілі болды. Күдіктіні жәбірленуші таныды. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды" - деп хабарлайды Қарағанды облысының ІІД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен күдіктінің осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.