Теміртауда полиция қызметкерлері кәсіби лицейдің оқытушысын есірткі сатумен айналысатын күдікті ретінде ұстады

Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияның берген ақпаратына сәйкес, Теміртау қаласы ІІБ есірткі бизнесімен күрес бөлімінің қызметкерлері әйелді 8 наурызда кәсіби лицейдің аумағында есірткі сатқан кезде қолға түсірді.
«Сонымен қатар киімінің қалтасы мен жұмыс кабинетінің сөресінде героин табылып, тәркіленді. Одан кейін оның пәтерін тінту барысында пакетке салынған героин алынды. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 556 грамм», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұл факті бойынша ҚР ҚК-нің 253 бабымен (Есірткі және жүйкеге әсер ететін заттардың ірі мөлшерін заңсыз сақтау, сату және тасымалдау) қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті әйел уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.