Теміртауда тонаушы-қаскөй жазадан құтылмақшы болып, 4-қабаттың терезесінен секірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Теміртау қалалық Ішкі істер басқармасы жол -патрульдік полиция батальонының қызметкерлері беттеріне бетперде тағып, зейнеткерлердің үйіне қарақшылық шабуыл жасаған екі қылмыскерді оқиға орнында қолға түсірді.
None
None

Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 26 қараша күні полицияға 56-жастағы зейнеттегі азаматша шағымданып, үйлеріне бетперде таққан белгісіз азаматтар басып кіріп, пышақпен қорқытып, ақша мен зергерлік бұйымдарды тартып әкеткендігі туралы хабарлаған.

Оқиға орнына дереу жеткен жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бөлімше командирі полиция старшинасы Бекжан Бекмурзаев пен аға сержант Берік Шоевтің жедел іс-әрекеттерінің арқасында 28 жастағы ешқайда жұмыс істемейтін қала тұрғыны мен оның серігі 44 жастағы азамат қолға түсті. Қолға түскендердің екеуі де - Теміртау қаласының тұрғындары.

Күдіктілерді құрықтау барысында 44 жастағы күдікті полиция қызметкерлерінен құтылу үшін төртінші қабатта орналасқан пәтердің терезесінен секіріп кеткен, алайда ағашқа секірген күдіктіні төменнен полиция қызметкерлері ұстады.

Қазіргі уақытта ұсталған азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 192 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ұсталғандардың бірі уақытша ұстау изоляторына қамалса, екіншісі әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылып, оған күзет қойылды.

Соңғы жаңалықтар