Теміртауда жоғалып кеткен жасөспірім қыз Батыс Қазақстаннан табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Теміртау қаласында жоғалып кеткен жасөспірім қыз Батыс Қазақстан облысынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Бәйтерек ауданының тәртіп сақшылары ата- анасымен керісіп, кетіп қалған 2005 жылғы қызды анықтады.

Қыз Оралға Теміртаудан автокөлікке жолаушы ретінде мініп, жеткен.

Полицейлер Теміртаудағы әріптестерімен хабарласып, қыздың бір аптадай уақыт бұрын үйінен кетіп қалып, іздестіріліп жатқанын білді. Ата-анасына да қыздарының аман-сау, Оралдағы қиын жағдайға тап болған балаларға арналған бейімдеу орталығында екендігін жеткізді.

Енді БҚО полиция департаменті қызметкерлерінің ықпал етуімен жасөспірім қыз Теміртаудағы ата-анасының қолына тапсырылатын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда түн ішінде жалған нөмірмен жүрген жүргізушінің ұсталғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар