Теміртас Жүсіпов әлем чемпионатында жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында 10 желтоқсанда ширек финалда ел құрамасынан Теміртас Жүсіпов (48 келі) жартылай финалға жолдама алды.
Отандасымыз ширек финалда непалдық Лал Прасад Упретимен қолғап түйістірді. Нәтижесінде төрешілер шешімімен ол қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.
Теміртас Жүсіпов 2021 жылы әлем чемпионы атанса, он мәрте ел біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ ол 2013, 2019 жылдары Азия чемпионы болды.
Енді ел құрамасынан Даниял Сәбит (51 келі), Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Санатәли Төлтаев (67 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі) және Нурлан Сапарбай (92 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Айта кетсек, әлем чемпионаты 1/8 финалында Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) қарсыластарына есе жіберді.
IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.