Теміртау бағыты бойынша артық салмақпен жүретін жүк көліктерінің саны артты
АСТАНА. KAZINFORM — Автожолда салмақ нормаларын бұзғандар саны 33%-ға жетті, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК.

2025 жылдың басынан бастап «Астана-Теміртау» республикалық маңызы бар автожолынының 1305 шақырымында орнатылған автоматтандырылған өлшеу станциялары 131 454 жүк көлігінің жүріп өткенін тіркеді. Оның ішінде 43 445 көлік құралы (шамамен 33%) рұқсат етілген салмақ нормасынан артық жүкпен жүрген. Ереже бұзушылардың тиеген артық жүктерінің салмағы 5 тоннадан асып отыр.
АӨС көлік құралдарының негізгі сипаттамаларын: салмағын, өлшемдерін, мемлекеттік тіркеу нөмірін, маркасын және өстер арасындағы қашықтықты автоматты түрде тіркейді. Осы деректердің негізінде уәкілетті орган рұқсат етілетін шекті салмақ параметрлерін бұзған қөлік құралдарын анықтайды.
— ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 342 бұйрығына сәйкес рұқсат етілген өстік жүктеме 10 тоннаны құрайды. Осылайша, үш өсті көліктер үшін рұқсат етілген масса 30 тоннадан аспауы керек, төрт өсті көліктер үшін — 40 тонна және ары қарай өс санына байланысты арта береді. Рұқсат етілген салмақтан асып кеткен көліктердің үлесі артып отырғаны алаңдатушылық тудырады. Себебі, жүйелі түрде шамадан тыс жүктеме жол жамылғысының жағдайына теріс әсер етіп, оның пайдалану мерзімін айтарлықтай қысқартады және қалпына келтіру шығындарын арттырады, — делінген компания таратқан ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабына сәйкес салмақ параметрлерінен асып кеткені үшін бұзушының санатына және белгіленген нормативтерден асып кету дәрежесіне байланысты 40-тан 1000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.
Бұдан бұрын жолдағы автокөліктердің салмағын өлшейтін станцияларға бейнекамера орнатылатынын жазған едік.